Оңтүстікте ескі көліктерді қабылдау науқаны басталды

288
Оңтүстікте ескі көліктерді қабылдау науқаны басталды

Ескіні жамап, есі кеткен жұрт жаңа акцияны кәдесіне жаратпақ. Ескі автокөліктерді қабылдау науқаны Оңтүстікте де басталды. Бұл шара 21-қарашада қолға алынған. Жарты ай ішінде қазір ондаған көлік иесі өзінің ескі көлігін өткізіп, тиісті өтемақысын алып үлгерген. Аталған акция бүкіл республика көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Қозғалыс қайнаған жолдарда ескі көлігін жөндеумен есі кететін жұртшылық акцияның нәтижесінде сыры кеткен мүлкін кәдесіне жарата ала ма?

Елдің ескісін қабылдауға мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлген құзырлылар Оңтүстіктің еншісіне 1150 квота белгілепті. Бірақ жарты ай ішінде аталған бағдарлама бойынша темір тұлпарын өткізуге тек 40 адам ниет білдірген. Бұл іспен айналысатын серіктестік өкілдері қалың қауымның қызығушылығы енді-енді ғана ояна бастайды деген ойда.

Оңтүстікте ескі көліктерді қабылдау науқаны басталды

Дәулет Досымбек Ордабасы ауданынан өз иелігіндегі ВАЗ-2106 автокөлігін алып келіпті. Темір тұлпары 30 жылдан бері өз қызметін ақтаған. Енді ескі мүлкінен арылуға ниет білдірген қожайын өтемақының өзіне қолайлы екенін біліп, қабылдау бекетіне қадам басты.

Көлікті қабылдау бекетіне өткізу көп сандалатын іс емес. Темір тұлпарды есептен шығарып, банктен арнайы есеп-шот ашса болғаны. Ал ескі мүліктің өтемақысы 10 күн ішінде аударылады. Жуық арада шалғай аумақтардағы көлік иелері де бұл акцияға қатысуға мүмкіндік алады.

Бағдарлама бойынша әзірге тек жеңіл автокөліктер ғана қабылданады. Серіктестік өкілдері кәдеге асатын техникалардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұйыртса, келер жылы ескі жүк көліктері үшін де акция аясында өтемақы алуға мүмкіндік туып қалары ғажап емес.

Мақсат Жақсыбаев