Назарбаев зияткерлік мектептерінің үздік оқушылары анықталды

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде желілік олимпиада өтті. Екі күнге созылған білім сайысына Қазақстанның барлық облысындағы 20 Назарбаев зияткерлік мектебінен 254 оқушы қатысқан. Оқушылар гуманитарлық бағыттағы қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және Қазақстан тарихы, құқық, география пәндері бойынша өзара сынға түсті.

Ең білімді оқушыны анықтауға бағытталған олимпиадада әр пән бойынша түрлі бақылау жұмыстары мен тест болды. Үміткерлер кей пәндерден эссе жазып, ауызша тапсырмаларды орындады, практикалық сабақтар да өткізді.

Аружан Ануарова, Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы: «Желілік олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмын. Дайындығым жақсы. Демалыс кезінде де пысықтап шықтым. Бірінші кезеңдегі көрсеткішім бойынша бірінші орында тұрмын. Енді екінші кезеңнің тапсырмаларын да еш қиындықсыз орындап шықтым. Жүлделі болудан үміттімін».

Қаракөз Ізбасарова, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры: «Желілік олимпиада екі бағытта өткізілуде. Гуманитарлық пәндер бойынша осында өтіп жатса, техникалық пәндер бойынша Алматы қаласында оқушылар бақ сынауда. Мүндай білім сайысын өткізу маңызды. Өйткені балалар өзара сайысқа түседі. Білімдерін саралайды, өз дәрежелерін біледі. Біздің оқушыларымыз да өзгелер сияқты, жақсы дайындықпен жарысқа қатысып жатыр».

Айта өтейік, бақ сынайтын оқушылар — алдыңғы жарыстарда іріктеуден өтіп, үздік атанғандар. Ал үшінші кезеңнің жеңімпаздары республикалық желілік олимпиадаға қатысып, сынға түседі. Сонымен қатар, үміткерлердің білімін саралап, бағасын беретін қазылар алқасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы беделді жоғары оқу орындарының тәжірибелі мамандарынан құралған.

Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, биыл оқушылар олимпиадаға жоғары дайындықпен келген. Әсіресе құқық, қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінен жақсы нәтижелерге қол жеткізген.

Соныме, олимпиада қорытындысы бойынша командалық есепте Орал қаласынан келген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары бірінші орынды иеленді.

Екінші орын Астана халықаралық бакалавриат мектебіне тиесілі болды. Ал үшінші орыннан Шымкент қаласындағы физика-математика және химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары көрінді.


Барлық қатысушыларға Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің атынан сыйлықтар ұсынылды. Жүлдегерлер естелікке суретке түсіп, республикалық олимпиадада бір-біріне сәттілік тілесті.