«Арай-2017» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Арай-2017» байқауының ақтық сыны аяқталды. Бес жүзге жуық қарсыластарын басып озған жас өнерпаздар өзара бақ сынасты. Таланттарға жол ашатын жарыс жас эстрада әншілері мен жүргізушілер арасында өткен болатын.

Әнші Шахизада бастаған қазылар алқасының құрамында атаулы байқаудан түлеп ұшқан Бағлан Жолдасов та бар. Мәдени іс-шара жүргізушілері арасынан бас жүлде Шымкенттік Берік Сабырға бұйырды. 21 жасар жас жігіт қалалық телеарналардың бірінде жұмыс істейді. Жеңімпазға 200 мың теңге сыйақы аталған.

Ал жас эстрада әншілері арасынан Мақтаарал ауданының атынан қатысқан Тағантұрды Балжан жеңіске жетті. Жасы 20-да. Ол 300 мың теңге жүлдеқордың иесі болып отыр. Сайысқа қатысқан 36 үміткердің арасынан сегізі жүлделі орындарға ие болды. Екі жеңімпаз да бас жүлдені күтпегендерін айтады.

Ал 1, 2 және 3-орындарды Шымкент қаласынан, Бәйдібек және Сайрам аудандарынан қатысқан жас өнерпаздарға бұйырды. Жүлде қоры 200, 150, 100 мың және 70 мың теңгені құрап отыр. Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Байқаудың соңы гала-концертке ұласты. Онда Шахизадамен қатар, Айжан Тәженова, Бейбарыс Серікбаев, Әлден Жақсыбеков сынды әншілер өнер көрсетті.