Облыстық «Өнер» байқауы басталды

493

Күнгейдің талантты оқушылары өнерін сарапқа салып жатыр. Дәлірегі – облыстық «Өнер» байқауы басталды. Классикалық және заманауи бағытта өрбитін сайысқа әдеттегідей 3-10 сыныптың шәкірттері қатысып, білім ұяларының намысын қорғауға кіріскен. Айтулы байқауға аудан-қалалардан 100-ге тарта үміткер жолдама алыпты.

 

Қайрат Арап, облыстық білім басқармасының бас маманы: «Жыл сайын сайыстың шартына сәйкес ән және басқа да сазды жанрлар түрлі музыкалық бағыттар бойынша өзгеріп тұрады, биыл хор және пианина сыныптарына арналып отыр. Ал өткен жылы Оңтүстіктің оқушылары пианинадан бірінші орын алған, ал хор ұжымы 3-орынды жеңіп келген еді.»

Өңіріміздегі мектеп оқушыларының шығармашылығын шыңдайтын «Өнер» байқауы биыл елуінші рет қолға алынып отыр. Ал жеңімпаз араға ай салып, Астана қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алмақ. Айта өтейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 19 саз мектебі бар. Білім ұяларында 248 педагог жұмыс жасайды. 12 347 шәкірт білім алады.