Елеуовтер отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді

432
Елеуовтер отбасы

23 ақпан Елеуовтер отбасының баспаналы болып, жеке шаңыраққа көшкеніне жыл толды. Естеріңізде болса, арнамыздың түсірілім тобы көп балалы, 3 бірдей сал ауруына шалдыққан перзентін тәрбиелеп, қиындыққа тап болған отбасының хал-ахуалын жұртшылыққа жеткізіп еді. Қуантарлығы сол – Елеуовтер жанұясының жағдайы ескерусіз қалған жоқ. Қоғам қолдап, жеке үйлі болғаны бар. Бұл отбасының қазіргі тұрмысы мен балалардың саулығы жөнінде арнайы барып, жағдай сұрап қайтқан болатынбыз.

Елеуовтер отбасы әдеттегідей біздің арна тілшілерін қуана қарсы алды. Сәлем-сауқат сұрасқан соң қазір әлеуметтік жағдайлары анағұрлым жақсарғанын да жасырған жоқ. Бес баланың анасы Малика Қасымбекованың айтуынша, жыл бұрын І топ мүгедегі, сал ауруына шалдыққан 3 бірдей перзентінің ауруы асқынып, емі үзілген. Себебі мемлекет тарапынан балалардың ем-домына деп төленетін ай сайынғы тиісті теңгесінің жұмсалу жөні бөлек-тін.

Малика Қасымбекова, көпбалалы ана: «Барлық ақшаны пәтерақыға, одан қалс,а ас-ауқат пен киімге жұмсайтынбыз. Соңында ем-дәрісіне ақша жетпей қалатын. Қазір Құдайға, Аллаға шүкір, осы үйді алғалы бері балаларымның емі жақсы болып жатыр. Кеше де Астанаға екі рет барып емделіп келдік, дәрілерін де алып беріп жатырмын. Бастысы, үйіміз жылы, балдарыма ыстық тамақ беріп жатырмын. Соған қуанамын».

Тәңірберген мен Нұрсұлтан

Еске салайық, бір жыл бұрын арнамыздың түсірілім тобы көп балалы, 3 бірдей сал ауруына шалдыққан перзентін тәрбиелеп отырған осы отбасының хал-ахуалын жұртшылыққа жеткізіп еді. Қуантарлығы сол – Елеуовтер жанұясының жағдайы ескерусіз қалған жоқ. Қоғам қолдап, алматылық кәсіпкер әйел 4 бөлмелі пәтер сыйлаған. Көмекке мұқтаж отбасына дер кезінде қол ұшын беріп, жомарттық танытқан жандар да көп болды. Бірі ас-ауқатын әперсе, екіншісі балаларға кереует-жиһаз, оқу-құралдарын жеткізді.

Қазір бұл отбасының балалары мектеп бағдарламасынан да қалыс қалмай, үй жағдайында жеңілдетілген білім жүйесі бойынша оқиды. Аптаның 6 күніне әр пәннің педагогтары арнайы келеді. 6 және 3-сыныптың сабақтарынан 1 сағаттық дәріс өтеді.

Ардақ Әшенова, орыс тілі пәнінің мұғалімі: «1 қыркүйектен бері орыс тілінен сабақ беріп келе жатырмын, балалардың ынтасы жақсы, көңіл күйлері де жақсы, бізді қуана қарсы алады. Уақыт өте келе екі баланың да ынтасы жақсарып келеді. Компьютерде жазып, оқуды меңгеріп жатыр».

Отағасы Әлихан Елеуов пен жұбайы Малика Қасымбекованың қазір тұрақты жұмысы жоқ. Себебі ата-ана өздігімен жүре алмайтын балаларын тәрбиелеу үшін кезінде қызметін тастауға да мәжбүр болған. Әзірге әр күнін, әр сағатын перзенттерінің емді уақтылы қабылдауына, күтіміне жұмсап жатыр. Десе де бүгінге дейін талай сүрлеуі соқпақ сәттерді бастан өткерген отбасы қазіргі күніне де тәубе дейді, сондай-ақ, жыл бұрын қиын кезеңде өздеріне көмек қолын созған қоғамдағы жомарт жандардың жақсылығын ұмытпайтынын айтып, алғысын білдірді.