Оңтүстіктегі мемлекеттік қызметшілердің үстінен 100-ден астам шағым түскен

417
Оңтүстіктегі мемлекеттік қызметшілердің үстінен 100-ден астам шағым түскен

Оңтүстіктегі әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің үстінен түскен 100-ден астам талап-арызды қанағаттандырған. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімінің кеңесшісі – жергілікті атқарушы органдардағы әдеп жөніндегі уәкіл Әмірдин Әлішев хабарлады.

Әдеп жөніндегі уәкілдің айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам ұлт жоспарының аясында тағайындалған уәкіл осы мерзім ішінде 36 мемлекеттік қызметкердің этикалық қарым-қатынасындағы кемшіліктерін анықтап, шара көрілуіне атсалысқан.

Мұнан бөлек әдеп жөніндегі уәкілге жүктелген міндеттерді орындау аясында бекітілген кестелерге сәйкес 2016 жылы 97 іс-шара өткізіп, облыс әкімі аппаратында, барлық облыстық басқармаларда, қалалар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаратын барлық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен семинар-кеңестер өткізді. Онда әдеп кодексінен, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдардан туындайтын талаптар түсіндіріліп, берілген сұрақтарға жауаптар берілді.

2016 жылдың сәуір айында өткізілген семинар-кеңестерге барлығы 3712 мемлекеттік қызметші қатысса, қыркүйек айында өткізілген семинар-кеңестерге аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, аппараттың жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, медицина мекемелерінің бас дәрігерлері қатысты.

— Сонымен бірге 74 мемлекеттік қызметші мен басқа да азаматтар жеке қабылданып, толғандырып жүрген сұрақтарына жауаптар алды. Пошта байланысы арқылы 8 арыз түссе, Кентау қаласы мен Қазығұрт ауданынан түскен 4 арыз облыстық әдеп кеңесінің қарауына жолданып, бір мемлекеттік қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік шара көрілді. Сарыағаш ауданынан түскен бір арыз облыстық еңбек инспекциясы басқармасы арқылы тексеріліп, қазіргі уақытта сотта қаралуда. Әдеп жөніндегі уәкілдің облыс әкімі аппараты ғимаратындағы жеке қабылдауында 14 адам болып, жазған арыздары заң талаптарына сай тексеріліп, жауаптар берілді. Ал сымтетік арқылы 8 адам хабарласты. Жалпы, осы уақыт аралығында әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдауында болғандар, сымтетікпен хабарласқандар, пошта арқылы келіп түскен арыздардың саны 104-ті құрады, — деді Ә.Әлішев.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі