Шымкент көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі. Қыс бойы ойылған шұңқырлар жамалуда. Алайда қалалық мәслихаттың депутаттары осы жұмысқа пайдаланылып жатқан асфальттың сапасынан күмәнданып отыр. Халық қалаулылары бұл туралы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында жайып салды.
Жолға төселіп жатқан асфальт жабынының сапасы оны шығарушы зауыттың басшысына ғана мәлім. Себебі шығырылған өнімнің сапасын тексеретін де сол өндірушінің өзі. Бұл бір десеңіз, асфальт материалының құны да тапсырыс берушілердің ұсынған бағасынан да әлдеқайда қымбат. Сметалық құжаттағы асфальттың әр тоннасы 10 мың 400 теңге деп белгіленсе, зауыт бағасы — 12 мың теңге. Сонда мердігердің жұмысы шығын ба, пайда ма — ол жағы белгісіз.
Нұрғазы Бұхарбаев: «Әрине, бұл ақылға симайтын порадокс! Сонда мердігер қандай пайда үшін жұмыс жасайды? Пайда табуды көздеген кәсіпкер сапасы төмен асфальт алмай не істейді?»
Қалалық әкімдікке қарасты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары да бұл қарама-қайшылықты жақсы біледі. Бірақ, оны реттеуге қауқарсызбыз дейді. Айтуынша, мәселенің бәрі заңмен белгіленген екен.
Асылбек Баймұрзаев: «Біз ештеңе істей алмаймыз. бәрін компьютердегі бағдарлама шешеді.»
Осыдан кейін мердігерлер жолға төсеп жатқан мына асфальт жабынынан қандай сапа сұрайсыз? Мемлекеттік сатып алу конкурсында асфальттың әр тоннасын 10 мың 400 теңгеге ұтып алған кәсіпкер 12 мың теңгелік материалды қалай сатып алады екен? Енді депутаттар жол саласының мамандарына осы келеңсіздікті реттеуге тапсырма берді.
Нұрлан Жаңабай