Сенбі, 4 наурыз күні Шымкентте тазалық күні ретінде жарияланып, жалпықалалық сенбілік өткізілді. Тазалық акциясына Оңтүстік Қазақстан облысы əкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, ардагерлер жəне жастармен бірге Тұрар Рысқұлов көшесі мен Дінмұхамед Қонаев даңғылының қиылысындағы алаңқайға сәндік ағаш көшеттерін екті.
Халықтың тынығуына жағдай жасау мақсатында қалада көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, көптеген демалыс орындары салынып жатқанын айтқан облыс әкімі шаhар тұрғындарының сүйікті қаласын таза ұстауға атсалысуы қажеттігін жеткізді.
— Шымкенттің 70 пайызын жекеменшік үйлер құрайды. Әр тұрғын ауласына кем дегенде бір ағаштан ексе, қаламыз айтарлықтай түрлене түсер еді. Сондықтан әрқайсыңыздың қаланың жасыл желекке айналуына үлес қосуларыңызды сұраймын және бірлесе жұмыс істеуге шақырамын,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жалпықалалық сенбілікте облыс, қала әкімдігінің қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының студенттері, қала тұрғындары белсенділік танытты. Сенбілікке тек ер азаматтар қатысып , ардақты аналарды қаланың барша нәзік жанды тұрғындарын мерекелерімен құттықтады.
Айта кетейік, тазалық жұмыстарына 55 техника жұмылдырылды. Сенбілік шеңберінде 135 текше метр қоқыс шығарылып, 37 шақырым арық, 79 шақырым жол тазаланды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев