Арыс өзені шайған көпір әлі жөнделген жоқ

1835
Арыс өзені шайған көпір әлі жөнделген жоқ

Батыс Европа – Батыс Қытай тасжолы бойында опырылған көпір әлі қалпына келтірілген жоқ. Қазір Темірлан кенті маңындағы күре жолдың қатынасы үзілген. Су жаңа нысан көктемнің алғашқы су тасқынына төтеп бере алмай, жолы қысқарған жүргізушілердің көңілін су сепкендей басты.

Жап-жаңа көпір бүгінде істен шыққан. Толассыз жауыннан кейін тасыған суға шыдас бермей опырылып түскен нысанның астыңғы жақтауларын толығымен су шайып кеткен. Ауыр салмаққа қауқарсыз күйде тұрған көпірдің тіреуіштері де үгітіле бастады.

Арыс өзені шайған көпір әлі жөнделген жоқ

Су тасқыны кезінде жауаптылар жұмылып, көпірге келер қатердің алдын алу үшін барын салған-ды. Алайда, төтеншеліктер мен жол саласы қызметкерлері судың ағысын реттей алмай, әбігер болғаны есте.

Темірлан кенті маңындағы күре жолдың қатынасы үзілген бүгінде. Қазір көліктер елдімекенді айналып өтіп жатыр. Нысан іске қосылғанда уақыт үнемдеп, жолы қысқарған жүргізушілер қуанышымыз ұзаққа созылмады деп налиды.

Арыс өзені шайған көпір әлі жөнделген жоқ

Бүгінде көпірдің ары қарайғы қызмет атқаруға жарамдылығын тексеру үшін комиссия құрылған. Жауаптылар қазір миллиондаған қаржыға салынған нысанды қалпына келтіру үшін арысы Астанаға шапқылауда. Жоба жетекшісінен телефон арқылы алынған мәліметке сүйенсек, осы айдың аяғына дейін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталатын болады.

Қазір қайта қалпына келтіру үшін жасалатын жұмыстардың ауқымы анықталып жатыр. Жауаптылар жөндеу жұмыстарына қажет құрылыс материалдары да жеткілікті деп сендіреді. Ал күре жолдың қатынасы қалпына келгенше жүргізушілер елдімекен ішімен жүруге мәжбүр.

Мақпал Рысбаева