Бала суицидінің себептері

836

Жап-жас өрімдей жасөспірімдер өздеріне қол салуда. Неге? Сауал көп. Жауап жұтаң… Аталған мәселе бітеу жара сынды. Түйіншек болып түйіліп шешімін таппаған түйткілдердің қатарында.

Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қоғамды алаңдатқан – ұлт болашағы» атты конференция өтті. Жиында келтірген дерек пен дәйек жаға ұстатардай. Былтыр 89 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Сала мамандары бала мінезіндегі ауытқушылықты дер кезінде байқап, көмек қолын созу қажеттігін айтады. Бірақ көбінде «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кері келетіні жасырын емес. Әл Фараби аудандық прокуратурасы өткен жылы оннан астам суицидке шақыратын әлеуметтік топтарды бұғаттапты. Ең қорқыныштысы, әлгі топқа 200 мыңнан астам оқушы тіркеліп үлгерген.

2016 жылы Оңтүстікте оқушылар арасында 89 суицид оқиғасы тіркеліп, оның 36-сы қайғылы аяқталған. 2015 жылы облыс көлемінде 90 суицид оқиғасы тіркеліп, 45 жасөспірім жан тапсырған.

 

Қауіпті топтар «Вконтактеде»

Бүгінде еліміз көш бастап тұр. Жақсы жағынан емес, әрине. Суицид бойынша… Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы суицид бойынша Қазақстан – алдыңғы бестіктің қатарында. Үрей туғызатын қауіпті статистика мұнымен де бітпейді. Жыл сайын елімізде 200-ден аса бала өзін-өзі өлімге қияды. Ал тағы да осыншама бала өзін өлтіруге талпынады екен.
2015 жылдан бастап әлеуметтік желілер құзырлы органдар тарапынан қатаң бақылауға алыныпты. Соның нәтижесінде 1800 интернет-ресурс бұғатталған. Оның ішінде балалардың өміріне қауіп төндіретін «Синий кит», «Тихий дом» ойындарынан бөлек, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін сайттар да бар. Барлық білім бөлімдеріне әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отыру жүктелген. Жүргізілген жұмыстардың арқасында біршама жайттар анықталып отыр.
Облысымызда жасөспірімдер арасындағы белең алып отырған Вконтакте әлеуметтік желісінде өз-өзіне қол салуға итермелейтін онлайн ойындары топтамасына 12-18 жас аралығындағы 525 жеткіншек тіркелген. Оның 107-сі мектеп оқушысы болса, тең жартысының оқу орны көрсетілмеген. Аталған балалардың көрсетілген мектептері бойынша анықтау жұмыстарының нәтижесінде 31 оқушы (Шымкент қаласынан -28, Мақтарал ауданынан 1, Төлеби ауданынан 2) анықталды. Бұл оқушылардың 29-ы тек қызығушылық танытып бір рет сайтқа кірген. Ал Төлеби ауданының 2 оқушысы сайтқа кіргені (екеуі де бір үйдің қыздары), бірінің сол қолында бірнеше жерінен өткір заттармен тілгіленгені анықталды. Қыздарға және ата-анасына жедел түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетіліп, бақылауға алыныпты.

Закир Юсупов, Әл-Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры:
– Балалардың өз-өзіне қол салуының себептері көп. Көбіне өтпелі кезеңдегі жастағы балалар арасында жиірек кездеседі. Мектеп психологтары тек баламен ғана емес, оның ата-анасымен де жұмыс істеуі тиіс. Бала мінезіндегі ауытқушылықты байқаған жағдайда тез арада психологиялық көмек көрсетуі керек.

Мәселені мектеп психологы шеше ала ма?

Қаладағы мектептердің бірінің 11 сынып оқушысы жан күйзелісіне түсіп, өзін өлімге қиюға оқталып жүрген. Оны мектеп психологы дер кезінде байқап, жас қызды райынан қайтарды. Дәл сол уақытта Алматыдан келген тәжірибелі психологтың да көп көмегі тиіпті. Оқушы қыздың мұндай қадамға оқталуына ата-анасының ажырасуы себеп болған. Әкесі мемлекеттік қызметтегі ірі шенеунік екен. Үлгілі отбасының күйреуі, ата-анасының екі жаққа кетуі жас қыздың жан жарасына айналған. Мұны көтере алмаған ол мына өмірден баз кешіп, жарық жалғанмен қоштаспақ болған. Қуанышқа орай, мұғалімнің қырағылығының арқасында жауқазын өмір ажалдан аман қалды. Тәжірибелі психологтар жас қыздың терең депрессиядан шығуына дер кезінде көмек қолын соза білді. Ал мұндай сәттілік өмірінің соңғы соқпағында тұрғандардың барлығына серік болып жүр ме? Өкінішке қарай, жоқ.
Бүгінде мектеп психологтарының басым бөлігі жоғары оқу орнын сырттай бітірген. Жан жарасын емдеумен айналысатын ілім иелерінің білімі жоғары деңгейде емес. Тәлім-тәжірибесін арттыруға сеп болатын түрлі семинарлардың бағасы удай. Бар мәселені бір ғана психологтың жауапкершілігіне артып қою дұрыс емес, әрине. Баланың сондай жағдайға душар болуына айналып келгенде бәріміз – сіз де, ол да, бүкіл қоғам жауапты.
Психологтардың айтуынша әрбір суицид қоғамның назарынан тыс қалған, өзін қажетсіз сезінген жанның естілмей қалған жанайқайы. Демек, ешкім де аталған мәселеден тысқары қалмай, қоғам болып, мәселенің алдын алуға атсалысуы қажет…

Суицидолог-мамандар анықтаған суицид түрлері:

  • Өзіне назар аудартуға талпыну. Мінезінде ауытқушылық пайда болады. Жолайырықта тұрғандардың басым бөлігі маңайындағыларға мұндай ойы барын жеткізуге талпынады. «Біреу-міреу құтқарып қалар ма екен» деген үлбіреген үміттері бар.
  • Мәселені ішеше алмауы. Жас өскін болмашы қиындықты жеңе алмауы мүмкін. Мәселен, жасөспірім қылмыс жасағанда немесе қыз ерте жаста жүкті болып қалса, шарасыздықтан осындай қадамға барады.
  • Өзінің осы қадамы арқылы кек алуды мақсат ету.
  • «Өзіне қол жұмсауды ерлік» деп бағалауы.

Өзін-өзі өлтіруге бармас бұрын суициденттердің көбі дайындық яғни, – суицидалды кезеңінен өтеді. Ол адамның бейімделу қабілетінің төмендеуімен сипатталады.

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауға дайындалып жүргенін мына белгілеріне қарап білуге болады:
1. Қимас заттарын таратып беруі.
2. Қоштасу – өмірінің әр кезеңінде көмектескен адамдарға алғыс айтуы мүмкін.

Психологиялық кеңес кабинетінің тел: 30-01-72

Гүлжан ЖҰМАШ