Оңтүстікте іскер әйелдер көбейеді

427

Күнгейде іскер әйелдердің қатары артуы мүмкін. Бұл үшін «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі жаңа жобаны қолға алды. Бала күтімімен үйде отырған немесе зейнетке шыққан әйелдер қауымын қолөнерге баулып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік сыйламақ. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын сағатқа мемлекеттік қызметкерлер де жұмыс уақытынан тыс кезде қатыса алады.

Әзірге жоба аясында белгілі қолөнершілер арнайы шеберлік сабақтарын өтіп жатыр. Арасында әуесқой мамандар да бар. Үйірме қатысушыларының қызығушылығын ояту үшін дайын дүниелердің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылыпты.

Рахима Мұсаева, Ордабасы ауданының құрметті азаматы: «Мен 40 жыл дәрігер ретінде қызмет еттім. Зейнетке шыққан соң қол қусырып отыра алмадым. Әдетте той-жиынға, салтанатты шараларға бару үшін әшекейлерімізді тағынып барамыз ғой? Сол сияқты бұйымдарды таппай әлекке түстім, тапқан күннің өзінде көңілімнен шықпады. Сосын өзім жасауға кірістім, түрлі үйірмелер мен ғаламтор ақтарып отырып, үйреніп алдым. Қазір туған күнге барсам да, қуанышты шараларда да кеш кейіпкерлеріне өз қолыммен жасаған бұйымдарымды сыйға тартамын. Енді өзге де замандастарыма, сіңлілеріме осы бір қолөнердің ерекшелігін үйреткім келеді».