Оңтүстіктегі елдімекендер мен көшелерге тарихи атау беріледі

675
Шұбарсу ауыл округі

Бүгінде кеңестік кезеңнен қалған атаулардан арылып келеміз. Ауыл, елдімекен және көше атаулары қазақыланып, ұлтық реңк берілген. Қуантарлығы сол – атаулар қазақшаланып келеді. Дегенмен, бір айта кетерлігі – қазақ тілінің сөздік қоры жұтаң секілденіп, атаулардың жиі қайталанатындығы. Осы мәселені талқылаған облыстық ономастика комиссиясының отырысында елдімекен, көше атауларын жаңарту мәселесі қаралды.

Облыстық ономастика комиссиясының назарына аудандардағы, ауыл округтердегі елдімекен, көше атауларын қайта атау, аты жоқ көшелерге жаңа атау беру мәселесі ұсынылды. Ол атаулардың дені қазақы, ұлттық бояуы қанық. Ұлы дала, Тұран, Кеме қалған, Сарайшық, Аспара, Тамшыбұлақ деген атаулар құлаққа қандай жағымды естіледі. Рухты асқақтатардай. Ал Ақтөбе, Шу, Мойынқұм, Ерейментау, Арыс, Көкшетау деп, қайталанатын атаулардан басқасы жоқ па деген салмақты сауал да туындары анық. Белгілісі – бүгінде еліміз бойынша кісі есімдерін беру мәселесі уақытша тоқтатылып, тарихи атауларды жаңғырту қолға алынған.

Қасым Ағабеков, облыстық тілдерді дамыту, архивтер және құжаттама басқармасы бастығының орынбасары: «Бүгінгі онамастика комиссиясының мәжілісінде негізінен қарап отырған мәселеміз Елбасының тапсырмасына орай кісі есімдерін беру біршама тоқтаған. Сондықтан кісі есімен атаудың орнына көше, елдімекен атауларын тарихи жер су атауларымен ауыстыруды шешкен болатынбыз. Бүгінгі мәжілісте осы мәселе қарастырылуда. Түркістан қаласы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарынан түскен ұсыныстарды қарап жатырмыз.»

Комиссияға аудандардағы білім мекемелері мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жөнінде 85 ұсыныс түскен екен. Бүгінгі отырыста сол ұсыныстар жан-жақты талқыланып, қолдау тапты.

Мақсат Жолдасбеков, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары: «Ералиев ауыл округіне қарасты Жданов деген елдімекен бар. Кеңес кезеңінде қойылған. Ауылдың дәл ортасында бәйтерек өсіп тұр. Ауыл құрылған кезде егілген екен. Ауыл тұрғындары осы ауылдың символы іспеттес Бәйтерек деп атайық деп ұсыныс білдіріп отыр.»

Көше атауы да, оған түсініктеме де дайын. Осылайша Мақтаарал ауданындағы аты жоқ көшелерге Көктөбе, Мәдениет, Тәуелсіздік, Жағажай деген жаңа атаулы болу бақыты бұйырды. Оны комиссия мүшелері бірауыздан қолдап отыр. Ендеше, ауылға атау беру жай ғана мәселе емес, қай атау болсын қазақы рухта болуы тиіс.

Гүлжан Жұмаш