Оңтүстіктен 4000 жігіт әскерге шақырылады

671

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталып кетті. 2017 жылғы көктемгі науқан кезінде республика бойынша әскерге 16 мыңға жуық болашақ сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылмақ.

Алдағы үш айда әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады.

Шымкент қалалық қорғаныс істері басқармасында «Мен Отан алдындағы борышымды өтеймін» деген жігіттер медициналық тексерулерден өтіп жатыр. Олар 12 дәрігерден құралған арнайы медициналық комиссиядан өтуі тиіс.

Медициналық комиссия төрағасы Шардар Байдуллаевтың айтуынша, жастардың біразы хирургиялық сколиоз, майтабан және көз ауруларына шалдыққан. Енді бір бөлігінде салмақ мәселесі бар. Бірінің салмағы жетпесе, екіншісінің дене салмағы шамадан артық.

Әскери бөлімдерге бөлу кезінде әскерге шақырылушылардың әскерге шақыруға дейінгі алынған қолда бар мамандығы ескерілетін болады.

Заң бойынша денсаулығы жарамсыз деп танылғандар, сотталғандар, жасы 27 –ден асқандар, отбасылы болып, 1 баланың әкесі атанғандар, студенттер және ата-анасы мүгедек болған жағдайда шақырылушы асыраушы болып танылғанда әскери қызметтен босатылады. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы оны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы керек. Сондай-ақ, ЖОО-да әскери кафедрада оқыған студенттер әскери борышын өтеген болып есептеледі.

Әскерге шақырылушы көктемгі науқанда шақырылса, белгілі бір себептермен (отбасы жағдайы, білім алуды жалғастыру, денсаулық жағдайы бойынша, т.б.) мүмкіндігі болмай, мерзімін кейінге қалдыруға болады. Ол үшін азамат 5 АЕК төлейді және мұндай мүмкіндік бір рет жасалады.
Сонымен қатар, әскери дайындықтан жедел өтуді қалаған азаматтар 40 күндік ақылы қызметті пайдалана алады. Яғни, осы мерзім ішінде олар әскери қызметтің бір жылдық бағдарламасын оқып үйренеді.

Оқу-жаттығу барысында жігіттер оқудан, жұмыстан босатылады және кәдімгі әскери казармаларда жатып, 40 күн бойы саптық дайындықтан өтіп, ұрысқа, атысқа және басқа да әскери жаттығуларды жасап үйренеді. Оқуын аяқтаған соң, оларға әскери курсты тәмамдағандары жөнінде куәлік беріледі және олар соның негізінде әскери билетін алады. Оқу-жаттығудың бұл түрі ақылы түрде жүргізіледі. Ерікті оқыту бағасы – 267 мың теңге.

Мұнымен қатар әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарғандарға 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, түзеу жұмыстарына жіберіледі, болмаса көрсетілген мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айтпақшы, ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Шымкент гарнизонына жұмыс сапарымен келді. Министр Оңтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде 2017 жылғы көктемгі шақырылым барысын тексерді. Жұмыс сапары барысында Сәкен Жасұзақов әскер қатарына шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды әрі қарай сапалы іріктеуге қатысты ОҚО ҚІЖД басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Әлия ӘДІЛБЕК