Úı ANONS Әскери қызметтің қыр-сыры айтылған жиын

Әскери қызметтің қыр-сыры айтылған жиын

Шымкентте болашақ сарбаздарға арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жастар запастағы әскери қызметшімен еркін пікір алмасып, әскери өмірдегі тәртіп пен моральдық дайындықтың маңызы туралы мағлұмат алды. Ашық форматтағы жүздесу оларға жігер беріп, әскери қызметке сенімді қадам жасауға ықпал етті.

 

Шымкентте болашақ сарбаздар запастағы әскери қызметшімен кездесті. Жүздесу барысында ол Отан алдындағы борышты абыроймен атқарудың маңызына ерекше тоқталды.  Сондай ақ, әскери өмірдегі тәртіп пен бірліктің, мықты рух пен моральдық дайындықтың рөлін де атап өтті.

 

ТИМУР АБДУГАФАРОВ, ГВАРДИЯ КІШІ СЕРЖАНТЫ: «Қалай болу керек, қалай жүру керек, командирлермен қалай сөйлесу керек. Әскери техниканы қалай қолдану керек. Әскери оқу-жаттығуларында қауіпсіздік шараларын қалай сақтау керек, бәрін бөлісіп, тілдесіп жатырмын»

 

Іс-шара барысында болашақ Отан қорғаушыларымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасалды. Оған 30 шақты жас қатысты. Олар кездесуден рухтанып, әскери қызметке деген ынталары артқанын айтты.

 

ФАЗИЗ МАНСҰР, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ: «Аға буынымыз Тимур дейтін ағамыз келді. Бізге мотивациялық сөздер айтты. Армиядағы қызықтармен бөлісті. Бізге көптеген армияда болатын ақыл-кеңестерін айтты. Сол кісінің арқасында біз алдымызда не күтіп тұрғанын не істеу керегін барлығын түсініп, дайын болып бара жатырмыз»

 

Осындай кездесулер шақырылушыларға әскери қызметтің қыр-сырын тереңірек түсінуге, тәжірибелі мамандардан пайдалы кеңес алуға және әскерге сеніммен дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың басты мақсаты – жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын оятып, Отан қорғаудың маңызын және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскердің рөлін кеңінен түсіндіру.

Лаура Бабас