Оңтүстіктің бойжеткендері қарын тазалап, сиыр сауудан сайысты

әжелердің ізімен

Қыздар малдың қарнын тазалап, сиыр сауған күн. Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Үкілі ару» қыздар байқауы өтті. Сайысқа облысымыздың барлық ауданынан 10-ға жуық оқушы қатысты. Іс-шараның ерекшелігі сол, қатысушылар тек өздерін таныстырып, өнерін көрсетумен шектелмейді.

Олар үй шаруасына ептілігін, үй тұрмысына бейімділігін анықтау үшін, түрлі шарттарды орындады.

Оның ішінде қарын тазалау, сиыр сауу, күбі пісу, май тары жасау, кеспе кесу, табаға нан жабу, самаурынға шәй қою, жыртық жамау сынды шарттар бар.

Осылайша бүгінгі бойжеткен, ертеңгі болашақ аналар бар білгені мен үйренгенін әжелердің ізімен көпшілік алдында паш етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғаш рет өткізілген іс-шара аясында нағыз қазақ қыздарына тән қасиетті бойына сіңірген, қолынан іс келетін шебер, өнерлілер ғана жеңімпаз атанады.

Сонымен, қазылардың шешімімен, 80 жастағы әженің тәрбиесін көріп, мал қарнының бүрін тазалаудың бірнеше әдісін білетін, мінсіз кеспе кесіп, үздік шыққан сарыағаштық ару Орынкүл Алмат бас жүлдені жеңіп алды.

Орынкүл Алмат: «Мен сексендегі әжемнің тәрбиесінде өскен қызбын. Әжем 7 сыныпқа дейін шашымды қос бұрым қылып өргізбейтін. Үнемі білгенін айтып, үйрететін. «Бүгінгі қыз – ертеңгі болашақ ана» деген түйсікпен өсірді. Сондықтан қазақ қыздарының қолынан мұндай жұмыстардың келетінін білемін және еш қиындық туғызбады. Мұны білген бізге тек абырой әкеледі.»

Ал бірінші орын Түркістан қаласынан келген Гүлназым Сүйіндікке бұйырса, екінші орынды қазығұртықтардың үмітін арқалап келген Гүлдана Ерменбай еншіледі. Үштікті Созақ ауданы қыздарының намысын қорғаған Іңкәр Анарбайқызы қорытындылады.