Қан-жынмен арықты былғаған…

616

Жаз келгелі Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты Александр Веснин көшесінің тұрғындарынан маза қашқан. Терезелері мен есіктерін ашып, көшеде демалу арманға айналыпты. Олардың айтуынша, малдың қарны мен тұяқтарын аршып, тазалайтын көршілері осындай жағдайға жеткізген. Мүңкіген жағымсыз иіс мұрынды жарып, тыныстарын тарылтқан көрінеді.

015

Көршілерінің наразылығына қарамастан қарын тазалап, күнелткенін Қаракөз Құлжабаева мойындайды. Бірақ, қаңтар айынан кейін ауаны ластамағанын, кәріз жүйесін былғамағанын айтып ақталады.

Бұрынғы Веснин көшесі тұрғындары көршісін тәртіпке шақырудан шаршаған. Ескертуге құлақ аспағасын учаскелік полиция, тиісті құзырлы органдарға да шағым түсіріпті. Балалары мен немерелерінің денсаулығына алаңдайтындар санитар-эпидемилогтарға да арызданған.

Мавлюда Мирзахмедова, көшес тұрғыны: «Арыз былай тұрсын, бізбен сөйлемейді де. Біз ештеңе істей алмаймыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=UHH9J7OqmbM[/youtube]

Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып, араздасқан көршілердің талабы таудай емес. Тек ауласынан шұңқыр қазып, қарын қалдығын сонда төккенін қалайды. Суы тартылған каналға қарынның қалдығын ағызбай, арнайы көлікпен сыртқа тасысын деген көршілерінің ұсынысын бірден қабылдаған Қаракөз Құлжабаева өз қателігін түсініпті. Оның үстіне сан рет салынған айыппұл қалтасын қаққанға ұқсайды.

Алайда көршілері Қаракөздің берген уәдесіне сенбейді. Қолқаны қабатын иістен зәрезап болғандар Еңбекші ауданы әкімдігіне де арыз тастапты.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімдігінің халықпен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі: «Қарынды тазалап, қалдығын каналға ағызған Құлжабаеваға қатысты шара көрілуде. Біз тиісті органдарға хат жазып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуын талап еткен болатынбыз. Соңғы рет 51 мың теңгеге дейін айыппұл төледі. Ескертулерден кейін бір ай жұмыс істемей, сосын қайта кіріседі. Біздің құзырымызға кіретін барлық шараларды пайдаландық.»

Қалдық су ауыл балаларына қауіпті. Айыппұл төлеп, айылын жинамаған көршісінің қылығына тойынғандар экологиялық қауіп төніп тұрғанын айтып тағы қалды.