Шымкент Ұлы жеңіс күні мерекесіне дайын

923
«Мәңгілік даңқ» шеруінің қысқаша тарихы

Шымкент Ұлы жеңіс күнін қарсы алуға дайын. Қаладағы жауынгерлер жерленген Батыр мазараты жөнделіп, бүгінгі таңда мұнтаздай таза ұсталуда. Оған жауапты мамандар да бар. Ал «Отырар» медиахолдингі тілшілерінің бастамасымен Оңтүстікте өрбіген «Мәңгілік даңқ» шеруіне қатысты биыл қандай жаңалықтар бар?

Шымкенттегі «Батырлар картасы» аталып кеткен мемориалдың күтіп-сақталғаны көңіл жұбатарлық. Бұл жер бүгінде қала әкімдігінің меншігінде. Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында күрделі жөнделген мемориалда қоғамдық ұйымның белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, мектеп оқушылары сенбіліктер өткізіп тұрады. Тазалықтан осы төңіректегі тұрағындар да шет қалған емес. Мәселен, Юлия Михайловна солардың бірі.

Шымкент Ұлы жеңіс күні мерекесіне дайын

Юлия Михайловна, қала тұрғыны: «Мен мұнда немереммен жиі келіп тұрамын. Қажет болса жапырақ, бұтақтарды алып, сыпырып та қоямын. Соңғы жылдары мұнда құрылыс жүргізіліп, барлығы жаңаланды. Осында жатқан батырларымыздың әрқайсысы біздің бейбіт өміріміз үшін қан төкті. Олардың ерліктері ұмыт болмайды, мәңгілік еске қалады.»

Мұнда 100-ге тарта майдангердің сүйегі жерленген. Олардың басым бөлігінің жеке басын анықтау «Рабат» газетінің тілшісі Елена Бояршиноваға оңайға түскен жоқ. Алайда табандылық танытқан әріптесімнің еңбегі жанды. Подольскдегі бас архивпен байланыстың нәтижесінде 59 майдангердің есімдері белгілі болды. Көп ұзамай Шымкенттің әкіміне Ресей қорғаныс министрлігінің атынан «Батырлар картасы» мемориалын 1941-1945 жылдардағы ескерткіштер қатарына қосу жөнінде ұсыныс хат та келді.

Елена Бояршинова, «Рабат» газетінің тілшісі: «2010 жылы біріктірілген мемориалдар сайтына тіркеліп, сондағы базадан мазарда жерленген жауынгерлердің есімдерін анықтауға кірістім. Алдымен — 53, кейін 6 майдангердің есімін әріптері өшіп кеткен, мүжілген құлпытастағы жазулар бойынша Подольскідегі мұрағатпен салыстырып таптық. Біздің редакция Батырлар картасының тарихына үңілді. Өткен ғасырдың 50-жылдары мұнда безендірілген құлыптастар болған. Ал 70-жылдары Белгісіз солдатқа арналған ескерткіш бой көтерді. Аға буын өкілдерінің мәлімдеуінше Кеңес дәуірінде күтім жақсы болыпты. Бірақ тоқырау заманында мазардағы жауынгерлердің құлыптастары тозып, 90-жылдары қоршаулар қолды болған. Қоғам белсенділері мен журналистердің бастамасымен Батырлар картасында күрделі жөндеу жүргізілді. Зиратта Шымкентке эвакуацияланған 4 госпитальде қаза болған жауынгерлер жерленген.»

Екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстіктен 140 мың жерлесіміз аттанған. Биыл Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында 4-жыл қатарынан Мәңгілік даңқ шеруі өтпек. Жиын жөнінде алғашқылардың бірі болып Астана жария етті. 2012 жылы Томскіде өткен шеру Шымкентте екі жылдан кейін жалғасты. Бастаманы үйлестірген — «Рабат» газеті редакциясы болатын.

Фарида Шарафутдинова, «Рабат» газетінің шеф-редакторы: «Биыл мәңгілік даңқ шеруін өткізу бойынша басшымыз Валентина Куликова сәуірдің бесінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесу барысында әңгіме етті. Алты жыл Түркияда қызмет еткен Жансейіт Қансейітұлына шерудің шығу тарихы да баяндалды. Мақсатымыз — Мәңгілік даңқ шеруін Жеңістің 72 жылдығына арнап 9 мамырда өткізу. Ата-апаларының суреттерін ұстаған азаматтардың Әл Фараби алаңынан Даңқ Мемориалына дейін жүріп өту жөніндегі ұсыныс хат облыс және қала әкіміне жолданды.»

Енді Фарида Анасовна мерекелік бағдарламалардан 9 мамыр күні Мәңгілік даңқ шеруінің өтетінін көріп, қуанып қалды. Естелік сақталған шақта, бейбіт өмірді сыйлаған батырлардың есімі ешқашан ұмытылмасы анық.

Айта кетейік, бүгінде өңірімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан 235 майдангер, 19 357 тыл еңбеккері өмір сүруде. Облыстық ардагерлер кеңесінің мәліметі осындай. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, Шымкентте 100-ден астам соғыс ардагері мен 5 700 тыл еңбеккері бар. Жауапты мамандар 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 100 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек беріледі. Ал тыл еңбеккерлері 5 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алады. Естеріңізге сала кетейік, 1 айлық есептегіш көрсеткіштің сомасы — 2 269 теңге.