Шымкентте өңір аралық бос орындар жәрмеңкесі өтті

408
Шымкентте өңір аралық бос орындар жәрмеңкесі өтті

Шымкентте бос жұмыс орындарының өңір аралық жәрмеңкесі өтті. Оған Астанадан арнайы келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты. Іс-шараға солтүстік өңірлерден келген 636 жұмыс беруші 1800-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынған. Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері өңіріміздің мүмкіндіктерімен де танысса, жерлестеріміз Солтүстік өңіріне қоныс аударуға ниет білдіріп отыр.

Шымкентте өңір аралық бос орындар жәрмеңкесі өтті

Көрме орталығында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары өңірлік жәрмеңкесіне келгендердің қарасы қалың. Қонақжай оңтүстікқазақстандықтар терскейліктерді төрге жайғастырыпты. Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан,Солтүстік Қазақстанның 60 тарта өкілі 636 жұмыс берушілердің тарапынан шымкенттіктер мен өңір тұрғындарына 1785 бос жұмыс орнын ұсынуда. Сайрам ауданының тұрғыны Нұрмахамбет Мирзанов жәрмеңкеге туыстарымен келіпті. Ер жеткен екі баласын отбасыларымен Солтүстік аймаққа қоныстандырмақ.

Оқу орындарының түлектері де өңірлік жәрмеңкесі ұсынған мүмкіндіктерді жіберіп алмауға тырысуда. Байқағанымыз. еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс табуда күрделіктер жоқ.

Оңтүстік өңірінде жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерге де мүмкіндік мол болды. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс пен мемлекеттік салада, жалпы 200-дей жергілікті жұмыс берушілер 2500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынуда.

Бұл іс-шарада кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтардың дайын өнімдер көрмесі де ұйымдастырылды. Олар «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын несиелеу арқылы өз ісін ашқан.