Шымкенттегі бірқатар үйдің ауласын су басты

372
Шымкенттегі бірқатар үйдің ауласын су басты

Шымкенттегі Қожанов көшесінің қайта жаңарып, төселгеніне әлі жыл толған жоқ. Жүргізушілерге қолайлы болғанын айтпағанда көше тұрғындары қолайсыз кезеңдер басталды деп отыр. Күні кеше ғана жауған нөсердің салдарынан осы көше бойындағы үйлерді су басқан.

Сапарғали Оңғаров, қала тұрғыны: «Былтыр осы жол салынды. Содан бері проблема пайда болды. Жолдың жағасындағы мына лоток толып, тасыған су үйді алуда. Абай ауданы әкімдігіне бардық. Жауап жоқ. Жолды проект бойынша салдық дейді. Ол қандай жоба?»

 

Сәуірдің басындағы жауыннан құтқарушыларда да тыным болған жоқ. 1-2 сәуір күндері кезекшілерге Шымкенттің әр бұрышынан су басқаны туралы суыт хабар түскен. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері бұл шақырулар бойынша тез арада қимылдап, көмек көрсеттік дейді.

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы: «Шымкент қаласында 1-2 сәуірде жауған жаңбыр салдарынан 3 көшедегі жеке үйдің ауласына су кірген. Сол суды тартуға өрт сөндіру және авариялық құтқару жасағынан 15 адам 3 мотопомпа жұмылдырылды.»

Абырой болғанда тасыған судан адам шығын тіркелген жоқ. Қазір облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары өңіріміздің барлық аудандарында кезекшілікті күшейттік дейді.

Көктемгі нөсер жауын Шымкент көшелері мен ирригациялық жүйелерінің де табиғи құбылысқа қаншалықты даяр екендігін көрсетіп бергендей. Кешелі бергі жауыннан шаһар жолдары суға толып, көліктер қайық болып жүзді дейді әлеуметік желі қолданушылары. Жүргізушілердің көпшілігі Тәуке хан даңғылындағы келеңсіздікке көбірек тоқталуда. Айтуларынша мұндағы жиектастар тасыған судың қашырқы арықтарға жиналуына кедергі жасапты. Даңғылдағы қайта құруда кемшіліктер көп дейді.

Ал ирригациялық жүйелерге келер болсақ, қала әкімінің тапсырмасына сай бұл жұмыстарға 214 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, мердігерлер іске кіріседі. Алдымен 10 көшедегі жүйелер оңтайландырылады екен. Бұдан бөлек, аудан әкімдерінің ұсыныстарына сай тұйық ирригациялық жүйелер де жаңартылады деп күтілуде.