Шымкенттегі уытсыздандыру орталығында кімдер емделеді…

596
Шымкенттегі уытсыздандыру орталығында кімдер емделеді...

Шымкенттегі уытсыздандыру орталығына күніне 30-ға жуық адам жеткізіледі. Олардың барлығы – мас болып, қоғамдық тәртіпті бұзғандар. Орталық мамандарының айтуынша, өкінішке қарай, мастықтан айыру мекемесіне полицейлер жеткізіп тастайтындардың арасында қыз-келіншектер де бар.

Мас халде уытсыздандыру орталығына жеткізілген азаматшаны дәрігерлер жылы сөз айтып тыныштандыруда. Араққа сылқия тойған әйел ес-түсін білмесе керек, мұндағыларды біраз әбігерге салды. Сөйтіп, орталықтың қызметкерлері амалсыздан күш қолданып, әйелді әрең дегенде ішке кіргізді.

Тәртіп сақшылары көбіне мұндай маскүнемдерді осы орталыққа жеткізеді. Өйткені шайтан суға тойып алғандар өзгенің тыныштығын бұзып қана қоймай, қылмысқа дейін барады екен. Бірақ, тәртіпті бұзғандар полиция бөлімшесіне емес, осы уытсыздандыру орталығына жеткізіледі. Өйткені алкогольді ішімдікке сылқия тойғандарға мұнда медициналық әрі психалогиялық көмек көрсетіледі. Осы мақсатта мекемеде 6 дәрігер, бес фельдшер, алты медбике және үш бақылаушы жұмыс істейді.

Уытсыздандыру орталығы темірмен қоршалған. Сырттан кез келген адам кіре алмайды. Бір палатада төрт орын бар. Бірақ, палата деп аты аталғанмен, бір төсектен басқа ешнәрсе жоқ. Айта кетейік, мұндағы мамандар орталыққа жеткізілетін азаматтардың медициналық ем қабылдауын да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен жыл басынан бері маскүнемдікпен жиі түскен 2770 адам ем қабылдау үшін наркологиялық диспансерге жіберілген.

Наркологиялық диспансерде азаматтар екі апта ем қабылдайды. Мұнда маскүнемдер үшін медициналық қызмет арнайы көрсетеледі. Соңғы уақытта мұнда емделуші азаматтардың қатары көбейгенмен, дәрігерлер есепке алынатын маскүнемдердің саны азайып келеді дейді.