Шымкенттің қоқыс өңдеу зауытының цехы іске қосылды

571
Шымкенттің қоқыс өңдеу зауытының цехы іске қосылды

Шымкенттегі «сақалды» құрылыстың біріне айналған қоқыс өңдеу зауыты қайта ашылып, алдағы уақытта жұмыс жасай бастауы мүмкін. Олай дейтініміз, 2014 жылы бар болғаны бірнеше ай ғана қоқыс өңдеген өндіріс орнын қазіргі таңда кәсіпкерлер іске қосып, сынақтан өткізіп жатыр.

Шымкенттіктер бұл қоқыс өңдеу зауытын 2004 жылдан бері күтті. Алғаш жер мәселесі туындап, өңдеу цехы 2009 жылы Ақтас елдімекенінен салынатын болып шешілді. Басталған құрылыс 2011 жылы түрлі себептермен тағы тоқтады. Әупірімдеп жүріп алғашқы зауыт 2014 жылы іске қосылды.

Алайда қуаныш ұзаққа созылмады, қоқыс өңдеу зауыты бір жыл да жұмыс жасамай тоқырап тоқтады. Бүгінде «Грин Лайн» ЖШС зауытты қайта іске қосуға әрекеттеніп жатыр. Кәсіпкерлердің айтуларынша, ол – оңай іс емес. Соған қарамастан қол қусырып қарап отыруға болмас дейді іскер азаматтар.

Шымкенттің қоқыс өңдеу зауытының цехы іске қосылды

Зауыт бүгінде шаһардан тәуілігіне шығатын 500 тонна қатты тұрмыстық қалдықтың 10-15 пайызын өңдеп жатыр. Енді дайын шикізаты өткізу және зауыттың қуаттылығын арттыру жолында жұмыс жасау қажет. Бұл тұста жоспар да жоқ емес.

Бүгінде зауытта 35 жұмысшы бар. Өндірісті қайта жандандыру ойдағыдай іске асқан жағдайда жұмысшылардың саны да екі есеге көбеймек. Әрине, ол – болашақтың еншісінде.

Нұрлан Жаңабай