Құлдыққа түскендерді құтқаратын орталық

419

Құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналып жатқан жандар құлдықтан қашып шыққанымен басым бөлігінің барар жері жоқ. Осындай тағдыр теперішіне ұшыраған жандар үшін «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығының жанынан уақытша пана болар орталық ашылды.

Мұнда ең алдымен әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі. Аталған үйдің мекенжайы айтылмайды. Өйткені құлдықта болғандардың қауіпсіздігі үшін қажет. Зардап шегушілер онда 6 ай бола алады. Бағалау қағазы толтырылады. Қылмыстық іс қозғалған жағдайда 9 айға дейін тұруға мүмкіндігі бар.

Аталған орталыққа орналастырудың өзіндік тәртібіне сәйкес, онда ҚР азаматтары, тұрғылықты тұратындар мен кәмелетке толмағандар тұрады. Кәмелетке толмағандарды мектепке орналастыру үшін қалалық білім бөлімімен байланысады. Құлдықта болғандардың барлығы да мұнда кешенді көмек алуы үшін хабарласса болады. Облыстық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан орталықта адам саудасы құрбандарына көмек көрсету үйінің шығыны мемлекет тарапынан төленеді. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, қаржы көмекке мұқтаждардың кәдімгі өмір сүруіне керек көптеген қажеттіліктерін өтеуге жете бермейді екен.

Раушан Құдайшүкірова, Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету үйінің директоры:
– Мұнда толық жағдай қарастырылған. Тұруы, тамағы, жатын орын, бәрі тегін. Ауыр жағдайға душар болғандармен психолог, заңгер, медицина мамандары жұмыс істейді.

 

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» ҚБ вице-президенті:

– Орталыққа 5 адамды орналастырғалы жатырмыз. Алдымен олардың рұқсатын аламыз. Міндеттерімізді айтамыз. Келісетін болса, бағалау парағын толтырып, жұмыспен қамту орталығына жолдаймыз. Олар әрбір азаматты тексеріп, бағалау парағын қабылдайды. Одан кейін ғана келісімшартқа тұрамыз. Жоба жылдың соңына дейін ғана жалғасады. Бөлінген қаражат 10 адамға жетеді. Былтыр қаралған қаржы енді ғана бөлініп жатыр…

«Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің мекенжайы:

Шымкент қаласы, Перов көшесі, 19. Телефоны: 8 (7252) 551-300, 551-200

Гүлжан ЖҰМАШ