«Expo-2017» халықаралық көрмесіне күнгейдің 3500 оқушысы қатысады

769

Төрткүл дүние күнгейлік оқушылардың тың туындыларын тамашалайтын болды. Дәлірегі, «Expo-2017» халықаралық көрмесіне өңір мектептеріндегі көшбасшы шәкірттер аттанғалы жатыр. Енді жас өнертапқыштар шетелдік меймандар алдында оқу-ғылым саласында жеткен жетістіктерін таныстырады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы озат оқушылардың еңбектерін көріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Диас Жұмас өз жобасын таныстырды

Диас Жұмаштың жасы 14-те. Шымкенттегі Жамбыл Жабаев атындағы №24 мектептің 8- сынып оқушысы. Жас өнертапқыш араға ай салып Астанға жол жүрмек. Шәкірт халықаралық «Ехро-2017» көрмесінде «Күннің қуаты» атты жобасын таныстырады. Айтуынша, аталған жұмысы бір үй емес, бүтін бір өңірдің жарықты электрсіз, табиғи жолмен қуаттануын қамтамасыз ете алады.

Диас Жұмаш, Ж. Жабаев атындағы №24 мектептің оқушысы: «Қазір қобалжып, уайымдап жүрмін. Себебі өзімнің ойлап тапқан жобамды халықаралық көрмеде, көптің алдында танысытырып, қорғап шығуым керек қой. Қазір ауыл шаруашылығы дамығанмен, ондағы ағайынға көптеп жағдай жасалмаған. Мәселен, тегін электр қуатына қол жеткізген жоқ. Енді ауыл тұрғындары кәнігі батарейкаларды күннен қуаттандырып, соны кәдесіне жарата алады. Яғни, жарықты осы бір қондырғыдан алуына болады. Үй, мал жайғайтын сарай барлығының іші жап-жарық сәулемен қамтылады».

Оқушылардың осындай ғылыми жұмыс-жетістіктерімен облыс әкімі Ж.Түймебаевтың өзі келіп танысты. Өңір басшысы ғылымға құштар, қоғамдық жұмыстаға белсене қатысып жүрген жас буынды көріп, марқайды. «Expo-2017» халықаралық көрмесіне жолдаманы оқуда озат болған оқушыларға ғана емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына да табыстады.

Мәдени шарада мектеп оқушылары айтулы халықаралық көрменің өтуі мен бағдарламасын баяндайтын ақпаратты-танымдық қойылымды ұсынды. Көріністе шетелдік қонақтар үшін ұсынылатын қызмет түрі мен жағдай баяндалды. Айта өтейік, бүгінде Оңтүстік өңірінде 1028 мектеп бар. Онда барлығы 611 000 оқушы білім алады. Ал «Expo-2017» халықаралық көрмесіне күнгейден 3500 оқушы аттанып, төрткүл дүниеге озық технология – ғылым мен білім саласындағы жетістіктерді таныстырмақ ниетте.