Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында жұмыс жәрмеңкесі өтті

Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында кезекті жұмыс жәрмеңкесі өтті.

Өз түлектерінің болашағына бей-жай қарамайтын білім ордасының басшылығы бұл игі шараны дәстүрге айналдырған. Ал бітіруші түлектер атаулы жұмыс жәрмеңкесін асыға күтетіндерін айтады. Себебі бұл – жас мамандарға жақсы мүмкіндік: жұмыс іздеп әуреленбей, бос орындардың арасынан өздеріне оңтайлысын таңдай алады. Биылғы жәрмеңкеге педагогика кафедрасының 150-ден астам студенті қатысқан. Келген студенттерге 50-ден аса оқу орындары бос жұмыс орындарын ұсынды. Түлектердің көпшілігі өздеріне сай келетін қызмет түрлерін таңдап үлгергендерін айтады.

Институт басшылығының айтуынша, өткен жылы түлектердің 73%-ы түрлі мекемелерге жұмысқа орналасқан. Институт қабырғасында студенттер педагогика және психология, бастапқы білім беру әдістемесі, қазақ тілі мен әдебиеті және шет тілдер мамандығы бойынша білім алады.

Ғазиза Назарова, педагогика кафедрасының доценті:»Түлектеріміздің 30 пайызы жұмысқа шақырту алды. Бұл – жоғары білім сапасының кепілі деп білеміз. Соңғы жылдары үш тілді мамандарға сұраныс көбейіп отыр. Біздің студенттер ағылшын және қытай тілдерін меңгерген. Сондықтан олардың болашағына алаңдамауға болады».

Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында студенттер 15 мамандық бойынша білім алады. Атаулы білім ордасы заманауи материалды-техникалық базамен жабдықталып, білікті мамандардан жасақталған. Мұнда екі оқу корпусы, спорт залы, интернет залдары және студенттердің бос уақыттарын тиімді өткізу үшін арнайы алаңшалар да бар.
Білім ордасының мекенжайы-Мәделі қожа көш,137 үй. тел:53-04-21, 53-56-95