Дәрігерлерді даярлау жүйесі жаңаша форматқа көшеді. Биылдан бастап дәрігерлерді оқытудың жаңа моделі енгізілуде. Бұл тәжірибеге басымдық беріліп, медициналық кадрлардың сапасы артады. Енді студенттер жоғары оқу орнында 6 жыл білім алып, одан кейін бір жыл интернатурадан өтеді. Осыдан соң олар бірден дәрігер болып жұмысқа орналаса алады немесе резидентурада оқуын жалғастырады. Ал бұл мәселеге қатысты сарапшылардың пікірі екіге бөлінді.
Медициналық жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісі енді тәжірибеге бағытталады. Алты жылдық теория бір жылдық міндетті интернатурамен толықтырылады. Осы кезеңнен кейін түлектер бірден жұмысқа кірісе алады немесе резидентура арқылы тар бейінді мамандықты таңдайды. Сонымен қатар, жаңа мәртебе – «интерн-дәрігер» енгізіледі. Бұл тек білім ғана емес, клиникалық тәжірибеде нақты жауапкершілікті де білдіреді. Жаңартылған жүйе бойынша алғашқы түлектер 2033 жылы бітіріп шығады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер үшін оқу мерзімі мен мансаптық траектория (жұмысқа орналасу) немесе резидентура бұрынғы шарттар бойынша сақталады. Жаңа модельдің негізгі артықшылығы — базалық және клиникалық практиканың ұлғаюы, дәрігерлерді даярлау сапасының және медициналық көмектің тиімділігінің артуы
Сарапшылар бұл өзгеріске әртүрлі көзқарас танытып отыр. Бір жағынан, жас маман уақыт үнемдеп, кәсіби қызметке жылдам кірісе алады. Екінші жағынан, оның білім деңгейін нақты айқындау маңызды. Мамандардың пікірінше, түлек тиісті біліктілік талаптарына сай болып, барлық қажетті білімді толық меңгеруі тиіс. Себебі, бұл жерде адам өмірі таразыға түседі.
ТАЛҒАТ НҰРҒОЖИН, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: «Мен бұл өзгерісте артықшылықтан гөрі кемшілік көп деп ойлаймын. Ең алдымен, мамандарды даярлау сапасы алаңдатады. Олар бір жылда мамандықты меңгереміз деп қуанады. Біз 35 жыл жұмыс істеп келеміз, әр шешімді 10-15 рет тексереміз, себебі бұл – адам ағзасы. Сондықтан, керісінше, оқу курсын қысқартып, тәжірибеге көбірек көңіл бөлу қажет»
Сарапшылардың айтуынша, бұл бағытта оқытушылар құрамын күшейтіп, оқу үдерісіне тәжірибелі дәрігерлерді тарту маңызды. Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың мәртебесін арттырып, білім беру саласына мықты клиницистерді тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
ВЯЧЕСЛАВ ЛОКШИН, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Бұрын, 80-90 жылдары дәрігерлік және оқытушылық еңбекақы қатар төленетін. Сол кезде жоғары оқу орындарына ең үздіктер келетін. Қазір де білікті мамандар бар, бірақ олардың басым бөлігі практикалық денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Сондықтан профессор, доцент, ассистенттердің, әсіресе клиникалық кафедра оқытушыларының мәртебесін көтеру қажет».
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе алмасу да маңызды. Шетелдік тағылымдамалар оқытушыларға озық тәжірибені меңгеріп, оны отандық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.






