Студенттер әскери өмірмен таныс болды. Шымкент қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында «Авиценна» атындағы жоғары медициналық колледж студенттеріне арналған ашық есік күні өтті. Мақсат — жастарды әскери өмірмен таныстырып, олардың бойында патриоттық рух қалыптастыру.
Экскурсия барысында студенттер әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Бөлім басшылығы сарбаздардың күнделікті өмірін көрсетіп, қызметтің негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндріп өтті. Қонақтарға бақылау-өткізу пункті мен саптық алаң таныстырылып, әскери тәртіп пен талаптар жайлы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, студенттер казарма ғимараттарын, оқу сыныптарын аралап, қару-жарақ түрлерімен және оларды пайдалану ережелерімен танысты. Сондай-ақ, қаруды өз қолдарымен ұстап көріп, оны бөлшектеп, қайта жинақтауға мүмкіндік алды.
Жалпы, заманауи әскери қызмет жағдайлары студенттерге жағымды әсер қалдырды. Мұндай кездесулер жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның қалыптасуына ықпал етеді.
АЙНҰР ЖАНДАРБАЕВА, ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгін біз студенттермен бірге әскери бөлімге арнайы танысу мақсатында келдік. Бұл сапар өте мазмұнды әрі әсерлі өтті. Біз сарбаздардың күнделікті өмірін көріп, әскери қызметтің маңызын түсіндік. Армия – шыдамдылық пен тәртіптің нағыз мектебі, ол әрбір жасқа үлкен тәжірибе береді».
Іс-шара соңында жас сарбаздар асханадан түскі ас ішіп, мәзірмен танысты. Оларға алдын ала тағамдардың дайындалу барысы таныстырылды. Айта кету керек, мұндай ашық есік күндері жастарға әскери қызметтің мәні мен маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Олар тәртіп пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін ұғынып, Отан қорғауға деген құрметі арта түседі.
Нұргүл Жолымбетова






