Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері анықталды

624
Облыстық

Облыстағы ең үздік отбасылар анықталды. «Мерейлі отбасы» өңірлік байқауында екі жанұя жеңімпаз деп танылып отыр. Ол отбасылар енді республикалық конкурсқа жолдама алды. Айта кетейік, биыл бұл сайысқа 30 отбасы қатысып, бақ сынап көрген болатын.

Биыл облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылардың барлығы марапаттан шет қалған жоқ. Конкурсқа қатысқан 28 отбасы ынталандыру сыйлықтарына ие болып, алғыс хатпен марапатталды. Бұл жолғы сайыста әділқазылар үздік жанұя мүшелерін жылдағыдай шығармашылық қабілетіне қарай емес, өңірге сіңген еңбегіне қарай анықтады.


Сонымен, «Мерейлі отбасы – 2017» конкурсында екі отбасы жеңімпаз деп танылды. Олардың бірі – Омаш Шапайдың жанұясы. Білім беру саласының үздігі Омаш Шапай өмірінің басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған. Бүгінде бұл отбасында 7 ұл мен қыз, 25 немере және 22 шөбере мен 8 шөпшек бар.Ал екінші жеңімпаз атанған Каналбай Сейілбекұлының отбасы 40 немере мен 18 шөбере тәрбиелеп отыр.

Каналбай қарияның өзі қазақ театрының дамуына сүбелі еңбек қосып, ақындық суырып салма өнерімен елге танылған мәдениеттанушы. Үлгілі отбасы мүшелері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Конкурстың нәтижесі бойынша осы екі отбасы Астанада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсында бақ сынайтын болды. Айта кетейік, бұл конкурс биыл елімізде төртінші жыл қатарынан өтуде.