«Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры ашылды

576
Тұсаукесер рәсімінің өзінде қорға бірнеше млн.теңге қаржы жиналды

Оңтүстікте алғаш рет жас таланттарды қолдауға арналған қоғамдық қор ашылды. «Мархабат – Мирас» деп аталған қор шығармашыл жастарды көркем әдебиетке баулу жолында жұмыс жасамақ. Ол ғана емес, кәсіпкерлерден ақша жинап, шын таланттарды таныту жолында тер төгеміз дейді. Қор Түлкібастың тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мархабат Байғұттың құрметіне арналып отыр.

Келген қонақтар ақ тілектерін жаудырып, қорға қосарларын ұсынды
Келген қонақтар ақ тілектерін жаудырып, қорға қосарларын ұсынды

Тұсаукесер рәсім алдымен Түрікбасы әулиесіне зиярат етіп, құран бағыштаудан бастау алды.

Шын таланттар танылуы тиіс. Осыны көздеген ауылдың қариялары, зиялы қауым өкілдері мен шығармашыл жастардан құралған топ шарапаты мол шараның бастамашысы болып жүр. Олар «Мархабат-Мирас» қоры дарынды жастарды танытуға, олардың шығармашылығын шыңдау жолында жұмыс жасайды дейді. Тіпті қаржылай да қолдау көрсетпек. Бірінші күннің өзінде қорға теңгесін салуға асыққандар көп болды. Арасында екі айлық зейнетақысын аударған ақсақал да бар.

Жолдыбай Ендібаев, тыл және еңбек ардагері: «Мен Мархабат Байғұтты жақсы танимын. Еңбектерін де, анау кітаптарын да оқығанмын. Ризамын өз басым. Осындай елінің малын емес, қамын жейтін қазақта ұлдар көбейе берсін дегім келеді.  Өзімнің жинаған 2 айлық зейнетақымды салып отырмын қорға. Бұл қаржы Мархабатқа емес, мынау талантты жастарды қолдауға жұмсалады. Мен ешқашан осы жастардан ештеңемді аяғым келмейді. Қолымнан келгенше қолдау көрсетіп, олардың өз болшағын жарқын етуіне үлесімді қосқым келеді.  Бар ойым да, мақсатым да – осы жастардың болашағына, мынау алдындағы келешегіне нендей де болса үлесімді қосу. Оларды биіктен көргім келеді. Қазақстанның алдағы өмірі осылардың қолында екенін ескеруміз қажет екенін есімде ұстаймын әрдайым».

Тұсаукесер рәсімінің өзінде қорға бірнеше млн.теңге қаржы жиналды
Тұсаукесер рәсімінің өзінде қорға бірнеше млн.теңге қаржы жиналды

Оңтүстікте алғаш рет қолға алынған бастамаға жоғарғы оқу орны және басқарма басшылары мен ауыл-аудан әкімдері, кәсіпкерлер де шақырылған. Қонақтар жүрекжарды тілектерін айтып, қорға қосарларын ұсынды. Ал Қаламгер Мархабат Байғұт енді шығармашыл жастардың болашағы үшін қуанамын дейді әсерін жасырмай.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Мұндайда қуанбағанда қашан қуанамын. Қуанып тұрмын, толқу да бар. Қобалжып тұрмын. Бірақ үлкен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Дәл қазіргі уақытта мойындау керек, көркем әдебиетті оқымайтын болып кеттік. Мынау қолға алынған шаруа осы бір апаттан сақтайды -ау деп үміттеніп отырмыз. Біз бармыз, аудан басшылығы бар, тағы да әдебиет жанашырлары бар – барлығымыз бас-көз болып, қордың тек өз көздеген мақсатында орындалуын қадағалаймыз, және сол жолда жұмсаймыз. Қор құрылды деген соң, Оңтүстіктен жас шығармашыл жастар қаулап шығады деген сөз емес. Алланың берген дарыны болған соң, біз өнері бар жастарды ғана қолдай аламыз. Сонымен қоса жаңа ғана Нармахан және Ханбибілер айтып отыр ғой, егер бұл қор көздеген мақсатта жұмыс жасамайтын болса, менің де беделіме нұқсан келуі мүмкін. Абыройым азғантай болса да, мен өзімнің ел алдындағы адалдығымды сақтап қалғым келеді».

Тұсаукесер рәсімі облыстық «Шырайлым – Шұбайқызылым» жас ақындар мүшәйрасына ұласты. Түлкібастың тарихқа толы жауқазынын жырларына арқау етті ақындар. байқаудың 1-орнын Ордабасының таланты Батырхан Сәрсенхан жеңіп алды. 2-орынды Бәйдібектің тумасы Әлішер Әлімжан иеленді. Ал үшінші орынды қазығұрттың жас ақыны Тағайбек Тұрысбеков қанағат тұтты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5ygJcOfyS6c[/youtube]