Қазығұрттың басында қоқыс қалған…

531

Батыс Тянь-Шаньның терістігіндегі Қазығұрт тауы – көне тарихтан тамыр тартатын қасиетті мекен. Басында кеме қалған Қазығұрт тауына тәу етіп келушілердің қарасы әмәнда қалың. Келуін келеді-ау, тауға да шығар, тәу етер. Алайда айналасын ластап, қоқыстан тау тұрғызып кететіндері көңіл қабаржытады. Егер дәл қазір осы мәселеге тоқтау салынбаса айналасы бір-екі жылдың ішінде тауларымыз қоқыс полигонына айналуы бек мүмкін.

Әйткенмен…
Облыстағы демалыс орындары басым таулы аумақтар экологиялық апаттың алдында тұр деп айтуға болады. Тауға демалуға барғандар тазалық сақтаудың қарапайым қағидаларын ұстанбайды. Үлгі етуден жалықпайтын Еуропаны алып қарасақ онда табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау үшін тұрғындармен насихат жұмыстарына өте көп көңіл бөлінеді. Айналаны ластап емес, қайта қоқыстан тазартып кетуге үндейді.
Алматы қаласында жыл сайын «Таза таулар» акциясы өткізіліп тұрады. Былтыр Шымбұлақ пен Мыңжылқы тау шатқалдарынан 3 тоннадан аса қоқыс жиналыпты. Ал біздің таулардан одан да көп жиналар еді.

Евгений Малахов, «КЛАД» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
– Тауларымыздың бүгінгі күйі дабыл қағарлық жағдайда. Қазығұрт тауына шығатын жолдың бәрі қоқысқа толы. Тауға шығатын бұл жолмен альпинистер жүрмейді. Тек зиярат етушілер шығатын ең оңай, төте жол. Сонда зиярат етушілер қоқысқа толтырған болып тұр ғой. Кейбіреулердің өз аймағын күл-қоқыс мекеніне айналдыратыны қынжылтады. Табиғатты аялу, жанашырлықпен қарау жетіспейді. Кез келген тауға шығу шараларын экологиялық акциямен аяқтауды ұсынамын.

Жуырда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ОҚО бойынша басқармасы осында экологиялық акция өткізді. Олар Қазығұрт тауының етегінен ұшар басына дейін шашылған қоқысты жинап, игі іс жасады.

– Жыл сайын көктем айында қоқыс тастайтын жәшіктерді, ескерту тақтайшаларын жаңартып отырамыз. Биыл да жаңартылып жатыр. Ұлттық парк аумағында облысымыздың ең биік нүктесі Сайрам шыңы бар. Мұнда келушілердің қарасы қалың. Парк аумағына енген сәттен бастап инспекторларымыз демалушыларға тазалық сақтау, өрт болдырмау жағын қатаң ескертіп, түсіндіреді. Аптасына екі рет өзіміз тазалық шараларын өткізіп тұрамыз. Аумақты ластағандарға көрілетін шара да қатаң, – дейді «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Асқар Құлтабаров.

l ҚР ӘҚК 372 бабы бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК,
l жеке кәсіпкерлерге, коммерциялық емес ұйымдарға 55 АЕК,
l ірі кәсіпорындарға 500 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған

Гүлжан ЖҰМАШ