8 маусым – бала еңбегін пайдалануға қарсы бүкіләлемдік күрес күні

1711
8 маусым - бала еңбегін пайдалануға қарсы бүкіләлемдік күрес күні

8 маусым – бала еңбегін пайдалануға қарсы бүкіләлемдік күрес күні. Осыған орай Шымкенттегі №28 жалпы орта мектепте осынау атаулы күнге орайластырылған іс-шара өтті. Ұйымдастырушылар осылайша бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғам назарын аударуды көздейді. Осы тұста қандай қадамдар жасалмақ?

8 маусым - бала еңбегін пайдалануға қарсы бүкіләлемдік күрес күні

«Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн күрес» атты ұлттық ақпараттық науқан маусымның 1-і мен 12-сі аралығында өтеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 2015 жылы – 600, 2016 жылы 75 баланы жұмысқа тарту дерегі тіркелген. Биылдыққа «бала еңбегін қанағандар» қолға түспеген деп сендіреді салаға жауаптылар. Бұл түсіндіру жұмыстарының жемісі болса керек-ті.

Республика деңгейінде өтіп жатқан акцияға шымкенттік шәкірттер де үн қосты. Мақсат – балғындар еңбегін пайдалану проблемасына қоғамның назарын аудару. «Біз бала еңбегін қанауға қарсымыз» деп ұрандатқан ұйымдастырушылар жұртшылықты осынау олқылықтармен күресуге шақырады.

Бұл – іс-шара аясында ұйымдастырылған оқушылардың сурет көрмесі. Бала еңбегін қанаумен күреске үндейтін сайыстан кішкентай Аделя да тыс қалмапты. Жеті жасар кейіпкеріміздің балғын шақ еш уайымсыз өтсе деген тілегі бар.

Айта кетейік, тиісті заңда көрсетілгендей, 14-16 жасар балалар аптасына – 24, ал 16-18 жасар жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Дегенмен мамандар ата-аналардың сауатсыздығы мен отбасындағы әлеуметтік ахуал бұғанасы қатпаған баланың ауыр еңбекке тартылуына себеп болады дейді. Ал республика деңгейінде қолға алынған акция елдің балғын тұрғындарының құқықтары мен мүдделеріне жұртшылықтың назар аударуды көздейді.

Мақпал Рысбаева