Ережепбайдың үш ерлігі

577

Талайды жалмаған сұм соғысқа 18 жасында аттанып, 19 жасында ерлікпен қаза тапқан Ережепбай Молдабаевты әр жылы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде туған-туыс, жерлестері еске алып, аруағына құран бағыштап, қазақ қаһарманының рухына тағзым етеді. Тельман елдімекеніндегі ескерткішіне гүл шоғын қояды. Өн бойында батырлық пен қайсарлық тұнған Ережепбай жауынгердің майдан даласындағы ерлік істерін баян етіп, тарихынан сыр шертеді.

1925 жылы Қатынкөпірге қарасты Тельман елдімекеніндегі Молдабай қарияның отбасында дүниеге келген Ережепбай осындағы мектепте 7 сыныпты бітіріп, комсомол қатарына өтеді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ еңбекқор, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей, бір сөзді бала болған екен.

1941жылдың жазында «дұшпан шабуылдады, соғыс басталды» деген хабар жеткен тұста Ережепбай майданға сұранады. Бірақ, оны алмайды. Өйткені, ол 16 жаста ғана еді.
Тылда сумұрап болып еңбек етіп жүрген бозбала 1943 жылы әскер қатарына алынады. Өз еркімен сұранып, қан майданға аттанады. Сол жылдың сәуірінен бастап қатардағы жауынгер Ережепбай Молдабаев Солтүстік Кавказ және Бірінші Украина майдандарына қатысады. Ол 18 жаста болатын.

389-дивизияның 545-атқыштар полкі 9-атқыштар ротасының мергені Ережепбай Молдабаев 1944 жылы 4 қаңтарда Бердичев қаласын жаудан азат ету ұрысында ерлігімен көзге түсті. Қарсылас қорғанысының бірінші шебін бұзып кіру кезінде жаудың траншеясына баса-көктеп кіріп, граната лақтырып, автоматтан атып, 5 фашистің көзін жойды. 389-атқыштар дивизиясының 545-атқыштар полкінің 1944 жылғы 13 қаңтардағы №02/н бұйрығымен қатардағы жауынгер Ережепбай Молдабаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол 19 жасар болатын.

1944 жылы 29 шілдеде кіші сержант Молдабаев батальон командирінің орынбасары және тағы төрт жауынгермен бірге Польша жеріндегі Висла өзенінен қайықпен өту кезінде қарсыластың миномет пен пулеметтен үздіксіз атқылуына тап болады. Жау оқтарынан қайық қирайды. Осы сәтте қайықтағы батальон командирінің орынбасары ауыр жараланып, есінен танып, суға бата бастайды. Молдабаев суға секіріп, командир орынбасары мен тағы екі жауынгерді жағаға алып шығады. Содан кейін Висла өзенінің батыс жағалауына жүзіп өтіп, жолай қарсыластың шабуылына тойтарыс беріп, ротаның басқа жауынгерлеріне өткел ашады. Полкпен еш байланыс болмаса да Висланың батыс жағалауында қалған 11 серігімен бірге екі тәулік бойына фашисттердің қарсы шабуылына тойтарыс береді. Осы кезде күші басым жау әскерінің 9 қарсы шабуылын қайтарды. Ол 19 жасар болатын.

Висла өзенінен өткен соң, Молдабаев бастаған жеті жауынгерге Сандомир қаласын жаудан азат ету міндеті қойылды. Жау әскерінің ту сыртынан соққы беру жайлы тапсырма алған олар Сан өзенінен өтіп, бейқам жатқан жау дзотына шабуылдайды. Таң атқанша жау әскерімен атысады. Ережепбай өздеріне қарсы қаптап келе жатқан жау танктерін тоқтату үшін қолына граната алып, алға ұмтылады. Гранатаны асқан ептілікпен лақтырып, межелі нысанға дөп тигізеді. Танк қызыл жалынға оранады. Бірақ, өзі де гранатаны лақтырған орнына құлап, қайта тұрмайды. Тажал танктің бірін тоқтатып, жанын пида етті. Осылайша қазақ даласынан аттанған Ережепбай ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Елі мен жері үшін жанын қиған Ережепбай Молдабаевтың денесі Польшаның Грудза ауылының маңына жерленді. Бұл 1944 жылдың 7 тамызы болатын. Ол 19 жасар қаһарман еді.

Ережепбай Молдабайұлына Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылдың 23 қыркүйегінде СССР Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ол 19 жасар батыр еді.

Жанерке Хумар