Тельман тұрғындары Ережепбай Молдабаевты еске алды

465
Тельман тұрғындары Ережепбай Молдабаевты еске алды

Ұлы жеңістің 72 жылдық мерекесі Қазақстанның барлық аймағында тойланып жатыр. Халық батырлар ерлігі мен жауынгерлер жорығын жария етіп, оларды құрметпен еске алуда. Солардың бірі, мәңгі жадымызда сақталуы тиіс тұлға – Ережепбай Молдабаев. Небәрі 19 жасында Кеңес одағының батыры атағын алған біртуар ұлын бүгін Оңтүстік жұрты құрметпен еске алды.

Тельман елдімекенінің тұрғындары жыл сайынғы дәстүр бойынша Ережепбай Молдабаевтың ескерткішінің алдына жиналды. Өзі өлсе де ерлік жолы сайрап, атағы баршаға танылған батырды бүгінде ұрпақтары мақтанышпен еске алады. Қаһарманның көзін көрген ақсақалдар батырдың қайсарлықпен жасаған іс-әрекетін айтып, тарихтан сыр шертті. Сондай-ақ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Тельман тұрғындары Ережепбай Молдабаевты еске алды

Ережепбай Молдабаев 1925 жылы Қатынкөпірге қарасты Тельман елдімекенінде, Молдабай қарияның отбасында дүниеге келген. Соғыс оты тұтанған кезде ол небәрі 16 жаста болған екен. Содан 18 жасында өз еркімен қан майданға аттанады. 1943 жылдың қаңтарында жас Ережепбай Польша жерінде алғашқы ұрысқа кіреді. Батылдық пен өжеттік сынды қасиеттерді бойына жинаған жас батыр қолына алған гранатасын дөп лақтырып, жау танкісін қызыл жалынға ораған. Бұл – бір ерлігі ғана. Отан соғысында көрсеткен осындай қайсарлықтары үшін 1944 жылдың 23 қыркүйегінде Кеңес одағының батыры атығы беріледі.

Жауды жеңіп ел мен жерге тыныш өмір сыйлау керегін жас болса да түсінген батыр ұлын бүгінгі жастарға насихаттау мақсатында Қатынкөпір шағынауданының ардагерлерінің еңбегі орасан.

Соғысқа 1943 жылы аттанып, 1944 жылы қаза тапқан Ережепбай Молдабаевқа топырақ Польша жерінен бұйырған екен. Ерлікпен көз жұмғанда нәбері 19 жаста ғана болған. Өзінің қысқа ғұмырында соғыс даласын көріп, Отанын жау басқыншыларынан азат ету жолында жан қиған ұлын халқы ешқашан ұмытпақ емес. Мұндай батыр да батыл қайсар ерлер ел есінде мәңгілік сақталады!

Жанерке Хұмар