«Ехро-2017» көрмесіне аттанған шымкенттік шәкірттер Елбасымен кездесті

769

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша айтулы халықаралық көрмеге оқушылардың 7-ші легі жетті. Осынау мәдени шараға жолдама алған жасақтың құрамында 150 шәкірт бар. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының мәліметінше, жолға шыққан оқушыларға бар жағдай жасалып отыр.

Мектеп оқушылары.
Астана теміржол вокзалы.

Саяхаттың алғашқы күнінде белсенді топ көрменің басты нысаны – «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны, сондай-ақ, шетелдіктердің ұсынған заманауи технологиясының жаңа жетістіктерін тамашалап, энергия-қуат күшін алатын тың жоба – жеке аймағымен танысты.Ал кешқұрым, сағат тілі 20-00-ге таяғанда Бас қаланың бүгінгі бейне-көрінісіне көз салып, көрме аумағындағы көпшілік орындарға серуенге шыққан шымкенттік шәкірттер ерекше жағдайдың куәсі болды. Куәгері ғана емес, тарихи сәттің кейіпкерлеріне айналды. Жастолқын жолай Елбасы – Н.Ә.Назарбаевты кездейсоқ кезіктірді. Қала орталығында жаяулатып, тұрғындардың тынысымен танысып жүрген Мемлекет басшысы бастаған топ, яғни бірқатар шенеуніктер де тосылған жоқ. Қуана сәлем-сауқат сұрасты. Ал Ұлт көшбасшысы оқиға орнында тоқтай қалып, күнгейдің белсенді оқушыларына ақ батасын берді. «Бақытты болыңдар!» – деп, ақ жарма тілегін жолдады. Енді осы Ел Президентінің жылы шырай жүзі мен айтқан ниет-тілегі талай шәкірттің талабын қанаттандырып, оқу-білімге құштарлығы – рухани өрлеп-дамуына сеп болатыны сөзсіз.Оқушылар саяхаттың екінші күнінде Елордамыздағы бірқатар мәдени ошақтар – ҚР Ұлттық музейі мен Бейбітшілік және Келісім сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументалды ғимараты, «Президент» саябағы секілді ауқымды нысандарды аралайтын болады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: “Expo-2017” –  игі шарасының балалардың болашағы үшін атқарар рөлі зор. Көрмені көзбен көріп қайтқан шәкірттердің білім мен ғылымға, қоғамға деген құрмет-құштарлығы еселенетіні сөзсіз. Ал жолға шыққан әрбір 10 балаға бір жетекші мен 2 дәрігер бекітілген. Жол-жөнекей 4 мезгіл ас-ауқатпен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Ал Астанаға жеткен соң, оқушылар Назарбаев университетінің жатақханасына жайғасады. Ас мәзірі де аталған оқу орнының асханасында үлестірілуде”.

Айта өтейік, Астанаға – «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне жолдама оқуда озат болған оқушыларға ғана емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына да табысталған. 1650 шәкірт үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы қаралса, 2000 балаға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасады. Ал жолаушылардың 3 ай бойғы тасымалын ұйымдастыруды жергілікті билік  өңіріміздегі «Жаңа Талап» туристік фирмасына жүктеген.