Шымкент әкімі: «Шатқалдарға егілген тал-дарақты суарудың қосымша көздерін қарастыру керек»

319
Шатқал бағдарламасы бойынша егілген көшеттерді суаруға қосымша қаржы қажет

Шымкенттің шатқалдарына егілген тал-дарақты суарудың қосымша мүмкіндіктерін қарастыру керек. Шаһар басшысы әкімдікте өткен мәжілісте жауапты мамандарға осындай тапсырма берді.

Еске салайық, Шымкентте «Шатқал» бағдарламасы аясында 7 сайға 10 028 көшет егілген. «ЛТД тұрмыс» ЖШС жетекшісі Ғалым Садыбеков жас көшеттерді күтіп-ұстау мен суару бағытында қандай жұмыс атқарылғанын баяндады:

«Самал» шатқалында ұңғыма бұрғыланды, сыйымдылығы 10 және 25 тонналық 2 бөшке қойылды, тамшылатып суарудың 3250 метрлік жүйесі тартылды. «Шымсая» шатқалында ұңғыма бұрғыланып, 25 тонналық бөшке орнатылды, тамшылатып суарудың 3750 метр жүйесі тартылған. 1250 метр уақытша бөгетпен қоршалды. Ал «Юнус Эмре» шатқалында 25 тонналық бөшке қойылып, 500 метр суару құбыры тартылды. ОҚО мәслихаты депутаттарының шатқалында ұңғыма бұрғыланды, сыйымдылығы 10 тонналық 2 бөшке қойылды, тамшылатып суарудың 9800 метрлік жүйесі тартылды. «Нұр Отан» партиясының шатқалында ұңғыма бұрғыланды, 25 тонналық бөшке қойылды, тамшылатып суарудың 6200 метрлік жүйесі тартылды. «Балабиев Қ» шатқалында 25 тонналық бөшке қойылып, тамшылатып суарудың 4600 метрлік жүйесі тартылды. «Оспаналиева Р» шатқалында 10 тонналық бөшке қойылды және тамшылатып суарудың 680 метрлік жүйесі тартылды.»

Бұған қоса қаладағы барлық өскінді суару мәселесі де шешілуде. Айта кету керек, шаһардағы 114 көгалда жаңадан 46 850 көшет егіліп, 14 528 шаршы метр жерге жазғы гүлдер, 44 796 шаршы метр жерге раушан гүлдері егілді. Оларды суару үшін ұңғыма бұрғылап, тамшылатып суару жүйесін орнату жұмыстары атқарылуда. Қала әкімі көшелердің бойларын да көгалдандыруды тапсырды.

Бұған «ЛТД тұрмыс» ЖШС басшысы бұл жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді: «Ең алдымен, Арғынбеков көшесін айту керек. Бұл жұмыстар қалалық желідегі су бағасының екі есе қымбаттауы мен су құбырларының жоқ болуына байланысты атқарылуда.»