Шатқал бағдарламасы бойынша егілген көшеттерді суаруға қосымша қаржы қажет

625
Шатқал бағдарламасы бойынша егілген көшеттерді суаруға қосымша қаржы қажет

Оңтүстікте өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың тың бастамасы – «Шатқал» бағдарламасының аяқсыз қалу қаупі бар. Олай дейтініміз, сай-салаға егілген ағаштарды күтіп-ұстау бас ауруға айналыпты.

Соның салдарынан кейбірі сарғайып, қурағалы тұр. Аптап ыстық та жығылған үстіне жұдырық болуда. Еске сала кетсек, ерте көктемде Шымкент аумағындағы сай-саланы игеріп, жасыл желеке айналдыру жобасы қолға алынған еді. Демеушілердің көмегімен сенбіліктер ұйымдастырылып, бірнеше жүз ағаш көшеті егілді.

Тассай тұрғын алабы маңайындағы Шымсая шатқалының аумағы 25 гектарды құрайды. Мұнда 1 мың түп ағаш көшеті отырғызылған. Алдағы уақытта бұл демалыс аймағындағы ағаштардың санын 6 мыңға жеткізі,п балалар ойнайтын алаңша, веложолдар, шахмат және дойбы алаңдары болады деп жоспарланған болатын. Әрине, бастама жақсы, бірақ оны аяғына дейін жеткізу оңай емес секілді. Себебі, ерте көктемде егілген ағаштарды күтіп-ұстаудың өзі оңай болмай тұр.

Шатқал бағдарламасы бойынша егілген көшеттерді суаруға қосымша қаржы қажет

Көпшіліктің көмегімен егілген көшеттерді суару енді ғана қолға алыныпты. Арасында құны қымбат қылқан жапырақтылары да бар. Бағдарламаны қолға алған облыс басшысының бұл сайлар көпшіліктің дем алатын орнына айналса деген арманы еді.

«Шатқал» бағдарламасы басталғанда қалалықтар қоқысқа тола сай-салаларда саябақ болады деп қуанды. Нәтижесінде 7 шатқалға 21 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Солардың бүгінде жерсінгені 80-85 пайыз дейді сала мамандары. Енді осы ағаш көшеттерін күтіп-ұстау үшін 200 млн теңге қажет болыр отыр.

Нұрлан Күдерұлы