Шымкенттегі кітапханада Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті

526
Шымкенттегі кітапханада Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті

Ұлтым деп жүрек толғанар. Жерлесіміз, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановтың шығармашылығы мен ел үшін еткен еңбегі дәріптелді. Арқалы ақынның 75 жылдығына арналған жыр кешін бұл жолы Шымкенттегі көзі әлсіз көретін жандарға арналған кітапхана ұжымы ұйымдастырып отыр. Іс-шараға ақынның туған жері – Отырардан арнайы қонақтар шақырылып, тау тұлға туралы әдемі естеліктер айтылды, өлеңдері жырланды.

М.Шахановтың жырлары кез келген жанды рухтандырады. Адам жанының нәзік қылын шертіп, күш сыйлайды. Ақынның бірнеше өлеңін жатқа білетін Әсел Батырхан осылай дейді. Кейде қолына қалам алып, ішкі сырын қағаз бетіне түсіретін «Үміт» мектеп-интернатының шәкірті поэзияны оқи отырып, бойы жігерлене түсетінін жасырмайды.

Шымкенттегі кітапханада Мұхтар Шахановтың жыр кеші өтті

Көзі әлсіз көретін кітапхана ұжымы іс-шараға Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің мамандары мен мәденеиет саласының өкілдерін, әнші мен жыршыларды арнайы шақырыпты. Ақын туып-өскен өлкенің тарихынан сыр шертілді, әдемі естеліктер айтылды.

Арқалы ақын халық арасында рухты өлеңдерімен, жырларымен ғана емес, сазды әндерімен де танымал. Іс-шарада халық арасында кеңінен таралып кеткен әндері шырқалды. Көзі тірісінде барын бағалайтын халық осылайша 75-ті алқымдаған ақынның еңбегін дәріптеді.

Махаббат Әбдешова