Көлік жүріп тұрған жолдың бетіндегі асфальт не үшін алынып тасталды? Соңғы аптада редакциямызға осы сұрақпен қоңырау шалған көрермендер көп болды. Қалалықтар Темірлан тасжолын жөндеу туралы білгісі келеді. Ал жауапты мамандар бұл жұмыстың өз технологиясы бар дейді.
Темірлан тасжолы бойындағы асфальттың беткі қабаты алынып тасталғанын қалалықтар бірде қабылдай алмады. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер көшенің бұл бөлігі тегіс еді деп отыр. Сондықтан, тыныш тұрған жерді қазудың мәнісін түсіне алмауда.
Айта кету керек, биыл орташа дәрежелі жөндеу жұмыстары Темірлан тасжолының Сыпырған ата мен Желтоқсан көшелерінің аралығындағы бөлігінде жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, «Береке» корпорациясы көше бойындағы арықтың лотоктарын ауыстырып, жүргінші жол мен жүру бөлігін жөндейді. Ал асфальттың беткі қабатын алып тастау қажет іс-шараның бірі дейді мамандар. Жол салушылар дер кезінде жөнделмеген жолдың беті жарамсыз болып қалуы мүмкін дейді.
Еске салайық, Темірлан тасжолының бойы 2008 жылы асфальтталған болатын. Содан бері бұл көшеде көлемді жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал биылғы маусым айында басталған жөндеу жұмыстарына бюджеттен 950 млн теңге бөлінген. Осы қаржыға мердігер мекеме 5 шақырымнан астам жолды жөндейді.