Өткел «сақалды» құрылысқа айналмаса игі…

445
Өткел

Шымкенттегі Жаңа шаһар шағынауданындағы жер үсті өткелінің құрылысы үш жылға созылатын түрі бар. Естеріңізге салар болсақ, Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысындағы көпірдің құрылысы 2015 жылы басталған. Дегенмен, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өткел көпшіліктің жүріп-тұруына ыңғайлы болсын деген тапсырмасынан кейін ол көпір шаһардағы сақалды құрылыстың қатарына кіруі әбден мүмкін.

Жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруы қиындағанына биыл – үшінші жыл. Мердігер «ҚазНұр Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолдың екі бетін қоршап тастаған. Қиыншылыққа көмпіс қалалықтар бұған да шыдар еді, алайда иісі қолқаны қабатын әжетхананы көшенің қақ ортасына салып қойғаны көпшіліктің ызасын туғызды.

Құны 216 млн теңгеге бағаланған өткелдің құрылысы 2015 жылы басталған. Алайда алғашқы жоба шаһар басшысының көңілінен шықпапты. Ғабидолла Әбдірахымовтың өткел жастың да, кәрінің де жүріп-тұруына ыңғайлы болсын деген бір ауыз сөзі құрылысты 6 айға тоқтатып тастаған. Жауаптылар 2014 жылы жасалған жобаға жарты жыл бойы өзгеріс енгізумен жүріпті.

Бүгінде құрылыс қайта жалғасты. Бірақ, оны тезірек қолданысқа тапсырайық деген мердігерлерді байқамадық. Нысанда бар болғаны 10-15 жұмысшы жүр. Осылайша мердігерлерге қала әкімінің бір ауыз сөзі желеу болып, жер үсті өткелі шаһардағы сақалды құрылыстардың тізіміне еніп кетуі мүмкін.

Нұрлан Күдерұлы