Араб компаниясы қоқыс өндейтін зауыт салуға ниетті

287

Біріккен Араб Әмірлігінің «Schneider & Danzey FZC» компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға ниетті екенін білдірді.

Бұл туралы аталған компанияның басшылары Йорга Шнайдер мен Крейг Дензидің Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде мәлім етті. Қонақтар өңір басшысына компания туралы толық ақпарат беріп, инвестициялық жобасымен таныстырды. 25 жылдық тарихы бар компания түрлі салаларда еңбек етеді екен. Негізінен бизнес жобаларды әзірлеп, инвестициялық ірі құрылымдарды құруға жәрдемдеседі. Компанияның бас ғимараты Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-Ал-Хайма қаласында орналасқан.

«Біз сіздердің өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жасыл экономика саласын дамытуға атсалыссақ деген ойдамыз. Аталған екі жоба да экологияға зиянсыз, әрі екі жаққа да өте тиімді деп есептейміз», – деді Йорга Шнайдер мырза.

Естеріңізге салар болсақ, тұрмыстық қоқысты қайта өңдеу зауыты облыс орталығынан салынып, ол бірнеше рет тұралап та қалды. Оның құжаттары, тіпті, сотқа дейін өтіп, процесстер де өткен. Мұндай қиындықтар туындамас үшін, нақты жобаны облыстың аудан-қалаларында іске асыруды ұсынды облыс әкімі. Бүгінде облыс халқының саны күн санап артып келеді. Ол дегеніміз, қоқыстың да арта түсетіні заңдылық.

Сондықтан аталған зауытты халқы тығыз орналасқан Сарыағаш, Мақтарал аудандарының маңынан салуды ұсынды. Қонақтар облыс басшысының бұл ұсынысын қабылдап, аталған аудандарға арнайы барып танысып қайтуға ниетті екендіктерін жеткізді. ОҚО әкімінің баспасөз қызметі