Сайрам-Өгемде «ЭтноАртФест» фестивалі өтті

704
Сайрам-Өгемде

15-20 тамыз аралығында Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінде «ЭтноАртФест» фестивалі өтті. Жобаны Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы ұйымдастырған. Іс-шараның басты мақсаты – Оңтүстіктің тамаша табиғатын, қонақжайлылығын көрсету.

«Этно арт» фестивалі алғаш рет Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ұйымдастырылып отыр. Осы мақсатта тау бөктерінде арнайы кішігірім этноқалашық салынды. Фестиваль барысында әр ұлт өкілі өз мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын ел назарына ұсынды.

Сайрам-Өгемде "Этно арт" фестивалі өтті

Алаңдағы сахнада еліміздің әр облысынан келген ұлт өкілдері концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Өнерпаздар мен қолөнер шеберлер өз туындыларын ұсынды. Фестивальға қатысушылар өте тыңғылықты дайындалған дейді ұйымдастырушылар. Әрқайсысы көрермендерді ерекше таңғалдыруға тырысуда. Соның бірі – Нағима есімді кәсіпкер. Ол 4 жылдан құрттың түр-түрін жасап, сатумен айналысып жүр.

Сайрам-Өгемде "Этно арт" фестивалі өтті

Фестивальге келген қонақтардың қарасы көп. Жас та, кәрі де осында. Би билеп, ән салып жүр. Қолөнершілердің туындыларымен танысып, шеберлік сағаттарына қатысты.

Людмила Тарасова: «Біз Шымкент қаласынан жұбайымыз екеуіміз келдік. Жасымыз келсе де мұндай іс-шараларға қызығамыз. Фестивальден ерекше әсер алдық. Мұнда керемет адамдар жиналған. Әр ұлт өкілдерінің тағамдары мен салт-дәстүрімен таныстық. Ән салдық. Биледік. Бізге қатты ұнады.»

Сайрам-Өгемде "Этно арт" фестивалі өтті

Жоба авторларының айтуынша, бұл формат Оңтүстік өлкесі тұрғындарының барлық тамаша жерлерін, қонақжайлылығын, ашықтығын көрсетеді. Лагерьде қолөнершілер қалашығы, ұлттық асхана алаңқайлары ұйымдастырылды. Осылайша тау бөктерінде өткен ұлы той береке-бірлігіміздің мығым, мемлекетіміздің іргесі бекем екенін паш етті десек артық болмас.

Әсем Жайлаухан