Оқушылар алғашқы қоңырауды қайта оралған әліппемен қарсы алды

76

Шымкентте оқу жылы қайта оралған әліппені табыстаумен басталды. Оқулықты қолына алған бүлдіршіндер алғашқы қоңыраудың үнін жаңа білім ұясында естіді.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып тұсауын кескен №79 мектеп 1200 орынға лайықталған. Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын оқу орны екі ауысымда жұмыс жүргізеді. Әрі мектепте заманауи үлгідегі 44 оқу бөлмелері қарастырылған.

Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер алғашқы қоңырауды қайта оралған әліппемен қарсы алды.

Шымкентте Ахмет Байтұрсыновтың тікелей әдістемесімен жазылған оқулықты шаһар басшысы Мұрат Әйтенов табыстады.

Сонымен қатар №79 мектептің тұсауын кескен қала әкімі оқу ордасының жағдайымен таныстып шықты. Тұран шағынауданында бой көтерген білім ұясында 1200 орынға арналған 44 оқу бөлмесі бар. Олар: мультимедиялы-лингофонды кабинет, информатика және шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын екі медпункт. Құрылыстың сапасы мен дизайнынына мән берген шаһар басшысы мұндағы жұмыстарға оң бағасын берді. Әрі білім алушыларға сенім артатынын жеткізді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
«Болашағымыз ол білім дейді ғой. Сіздер болашағымызсыздар. 1 жыл енді арақашықтықтан оқыдық. Енді биыл бірінші қыркүйектен дәстүрлі форматта оқуды бастап жатырмыз. Енді жаңа мектепте білімге басты назар аударасыздар деген ойдамын».

Мұнда қыздар мен ұлдар үшін көркем еңбек кабинеті де жасақталған. Дәріс ер балалар үшін арнайы құрылғылар арқылы практика жүзінде көрсетіледі. Ал, нәзік жандыларға тігіс тігіп үйренуге мүмкіндік жасалған.

Үшінші мегаполистің бас ұстазының сөзінше пандемия кезінде сабақ қашықтықтан өтілген соң, білім деңгейі төмендеген. Сондықтан, биыл сапаға басты назар аударып отырмыз дейді.

Өткен жылғы кемшіліктердің орнын толықтыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, ата-аналарды мерекемен құттықтаған Жанат Тәжиева балаларын білім ұйымдарына сеніп тапсыруын сұрады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
«Біріншіден жаңа оқу жылы құтты болсын. Шымкент қаласы үшін биылғы жыл өзі ерекше. Ата-аналар қауымына айтарым ең бастысы балаларымыздың амандығы, оларды енді білім ұйымдарына санитарлық талапты сақтай отырып оқытамыз ғой, енді сеніп тапсыруды сұранамын. Ұстаздар қауымы толығымен вакцинацияланған, Ашық жүйесіне қосылып балалардың барынша қауіпсіз екенін ескерткім келеді».

Бүгінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер бейне бақылау жүйесімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылған. Сала жауаптыларының айтуынша, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева