Әйгілі музыкант, дирижер Зубин Мета – Түркістанда

289

Танымал музыкант, дирижер Зубин Мета және Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласының төрінде болды. Елордада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде миландық атақты Ла Скала театрының опера труппасы және симфониялық оркестрімен өнер көрсетуге келген. Әйгілі жұлдыз киелі мекен Түркістанға да ат басын бұруды жөн көріпті.

Зубин Мета – бірнеше халықаралық жүлделердің иегері, музыка шебері, бүгінгі күннің ең танымал дирижері. Әлемдік деңгейдегі өнер иесін киелі жердің халқы зор құрметпен қарсы алып қошеметке бөледі. Ізгі лебіздерін білдіре отырып, қазақы салт-дәстүрмен шапан кигізіп, ұлттық аспап – қыл қобызды сыйға тартты.
Жылы жүздесу Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен танысуға ұласты. Сәулет өнерінің үздік туындысының сыртқы құрылысының өзі Зубин Метаның таңданысын туғызды. Тарихымыздан сыр шертетін кесененің бөлмелерін аралап, ұлы халықтың өткенімен танысқан дирижердің алған әсері мол, айтары көп.

Зубин Мета, дирижер: «Мен бірінші кезекте болашақты дәл көре білетін Нұрсұлтан Назарбаевты жетістіктерімен құттықтағым келеді. Осында болған бірнеше күннің өзінде-ақ халыққа тез бауыр басып қалғандаймын. Қазақ халқы өте мәдениетке жақын екен. Сондай-ақ Түркістанға келгеніме қуаныштымын, негізі жоспарда болған жоқ, министірмен бірге бір сағаттың ішінде шешім қабылдап, жолға шыққаныма өкінбеймін. Мол рухани азық алғаным рас.»

Зубин Метаның жұбайы Ненси Мета елімізге алғаш рет табан тіреп отыр. Бұл сапардан соң Қазақстан жайлы ойым түбегейлі өзгерді дейді ол.

Ненси Мета: «Мен Қазақстан елі жайлы тек жолдасымнан естігенім болмаса, қандай ел екенін білгенім жоқ. Осы жасқа дейін мұндай керемет ел жайлы танып-білмегеніме өкінемін. Алда міндетті түрде достарыммен саяхатқа келемін деп шештім.»

Әйгілі музыкант Астанада бірнеше концерт беріп үлгерді, алда Джузеппе Вердидің, Бетховеннің №9 симфониясын ұсынбақ. Зубин Метаның уақыты тығыз, соған қарамастан өзіне берілген 1 күн демалысын киелі мекенмен танысуға арнағаны біз үшін үлкен мәртебе дейді сапарды қорытындылаған мәдениет және спорт министрі.

Бірнеше сағатқа созылған кездесуден соң өнер иесі Елордаға аттанды. Қоштасар сөзінде алдағы уақытта тағы да келіп, халықты өнерімен қуантуға уәде берді.

Әлия Әділбек