Оңтүстікте отбасы фестивалі өтті

555
Оңтүстікте отбасы фестивалі өтті

Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні ретінде атап өтіледі. Елбасының жарлығымен бекітілген мереке аясында Оңтүстікте түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Осыған орай Шымкентте этно-мәдени фестиваль өтті. Мерекеде өңіріміздегі өнерлі отбасылар халықтық дәстүрлерін ортаға салды.

Оңтүстікте отбасы фестивалі өтті

Көргендерін көңілге түйген өзге ұлт өкілдері бүгінгі мерекеде қазақ ұлтының салт-дәстүрін көрсетіп, мақал-мәтелін айтып, бар өнерін ортаға салды. Өзбек, ұйғыр, түрік этносының өкілдері ән мен би, шешендік өнермен қатар басқа да 7 номинация бойынша сайысқа түсті. Осылайша қатысушылар халықтар достығын, олардың тарихын, мәдениетін насихаттап, халықтық дәстүрді құрметтеуге шақырады. Мерекеге сай әсем безендірілген мәдениет залы да көрерменнің көңілінен шықты.

Оңтүстікте отбасы фестивалі өтті

Алдымен отбасы күні және рухани жаңғыру аясында өткен мерекеге 11 өнерлі отбасы қатысып, бақтарын сынады. Жанұя құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізу қазіргі қоғамда аса қажетті екені баршаға аян. Аталмыш мереке аясында осы бағытта тиісті шаралар өткізіп, отбасы құндылықтарының өзектілігін кейінгі ұрпаққа ұғындыруды басты мақсат етті.

Жалпы өңірімізде жүзден аса этнос тұрады, соның ішінде 20 этно-мәдени бірлестік бар. Байқау соңында әр отбасы мүшесі түрлі номинациямен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Отбасы күніне орай ұйымдастырылған фестивальге қатысушылар отбасылық тәлім-тағылым мен пайдалы кеңестер алып қайтты.

Гүлжан Байназарова