И.Сапарбайдың шығармашылығына арналған республикалық байқау аяқталды

800
И.Сапарбайдың шығармашылығына арналған республикалық байқау аяқталды

«Еркіндігім – елдігім». Күнгейде өрбіген осындай тақырыптағы республикалық ән байқауы мәресіне жетті. Өнер жарысы ақын-сазгер, тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығыны иегері Исраил Сапарбайдың шығармашылығын насихаттау үшін қолға алынған. Қаламгердің 75 жылдық мерейтойының құрметіне орай ұйымдастырылған таланттар тартысын тамашалаған тілшіміз жеңімпаздарды да құттықтап қайтқан еді.

«Еркіндігім-елдігім» ән байқауы ел аумағындағы тасада қалған жас таланттарды танытты. Қазақ өнерін жаңа есімдермен толықтырды. Дәлірегі – жүлделі 3-орынды қызылордалық қатысушы Арайлым Маханбетжанова мен күнгейлік әншілер Жеңіс Бертаев, Айгерім Тәжі қанағат тұтты. Екінші орыннан Семей қаласының сұлуы Әлия Аукенова мен шымкенттік «Сарын» тобы көрінді. Бірінші орынды Атырау облысынан келген Асхат Әмірғалиев еншіледі. Ал бас жүлдені өңіріміздегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Өсербай Бөріханов жеңіп алды. Жеңімпазға 500 мың теңге қаржылай сый-тарту табысталды.

Ақын-сазгер, тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбайдың шығармашылығын насихаттау үшін қолға алынған мәдени шара мұнымен шектелген жоқ. Өнер жарысы қаламгердің 75 жылдық мерейтойының құрметіне арналған концерттік шараға ұласты. Тек автордың шығармалары орындалған шарада кеш кейіпкері тосылған жоқ, жүрек түбіндегі әсерін жеткізді.

Сырлы кешке жергілікті өнерпаздармен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары да арнайы келген. Өнер иелері қаламгерді өнердегі биігімен құттықтап қана қойған жоқ, Түркістан сапрайының төрін әнмен тербеді.

Айта өтейік, Исраил Сапарбай автор ретінде 160-тан аса ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерін эстрада əлеміне сыйлап, талай таланттың жұлдызын жаққан. Бүгінде «Сағыныш сазы», «Егіз лебіз», «Шымкентім – шырайлым»,»Ностальгия» сынды көптеген əндері халықтың ән-жырына айналғаны қуантады.

Мөлдір Бекеева