Сарыағаштан Солтүстікке 21 отбасы қоныс аударды

575
Сарыағаштан Солтүстікке 21 отбасы қоныс аударды

Халқы тығыз орналасқан күнгей жерінен еліміздің Солтүстігіне бет алған көш әлі де жалғасып жатыр. Жуырда Оңтүстіктегі Сарыағаш ауданынан бірден 21 отбасы көшіп кетті. Салаға жауапты мамандар қоныс аударушылардың дені сол өңірде сұранысқа ие мамандық иелері дейді.

Осыдан бірер ай бұрын бес азамат Солтүстіктің Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарына барып қайтқан. Шаруаның жайын біліп, жер жағдайына қанығып қайтпақ ниетте. Сол сапарда біржола егін салатын жерін белгілеп, айналысатын кәсібін де нақтылап келді. Енді бәрі жабылып, сонда өз алдына дербес кооператив құрғалы отыр. Ол үшін қарамақтарына 22 мың гектар егістік жер бөлініп берілді.

Жақында Жанболат Жарқұлов пен Камила Усманова қоныс тойын тойламақ. Олар 8 баласымен Аққайнау ауданы Дайындық ауылына көшіп келді. Ауылға келе сала қоныс аударушылардың үйі орталық жылыту жүйесіне қосылды. Бизнес өкілдері түрлі тұрмыстық заттар, жергілікті тұрғындар азық-түліктер беріп, қолғабыс жасауда. Қамқорлық шарасынан іскер әйелдер де қалыс қалмады.

Бағдарлама басталғалы Аққайнау ауданына 15 отбасы қоныс аударса, оның 5-уі оралман. Мемлекет тарапынан әр отбасының көшіп-қонуы үшін 79 мың теңге қаралған. Одан бөлек баспанаы 1 жылға жалға алу құны да мемлекеттен төленеді. Бұл азаматтардың тәуекелге баруына осынау мемлекеттік қолдаулар түрткі болып отыр. Тіпті арнайы сапар ұйымдастырып, еңбек нарығындағы жағдайымен танысып келуіне жағдай жасалды.

Басқарма тарапынан аудан, қалаларды аралап, жұмыспен қамтуды орталықтары, бөлімдерде жиналыстар жүргізілді. Насихаттау жұмыстарының арқасында қазір 200-300-ге жақын отбасы көшуге қызығушылық білдіріп отыр. Айта кетейік, бүгінге дейін еліміздің теріскейіне Оңтүстіктен 113 отбасы қоныс аударды. Бұл азаматтар қазір өңірдегі құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы мен медицина саласында еңбек етіп жатыр. Тағы біразы жеке кәсіп ашып, тірлігін дөңгелентуге кіріскен. Енді олардың қатары сарыағаштық ағайынмен толыққалы жатыр.

Мақпал Рысбаева