Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі қайта ашылды

828
Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі қайта ашылды

Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов көшесінде көлік қозғалысы ашылды. Қоғамдық көліктер қатынасы қайта жанданып, аялдамалар адамға лық тола бастады.

Дегенмен, ала жаздай осы көшедегі жылу магистралін ауыстырған мердігер компания құрылысты мерзімінен кеш аяқтады. 890 млн теңге жұмсалған жұмыстың соңы созбалаңдыққа салынғаны да жасырын емес. Екі рет берген уәдесін орындай алмаған мердігер бұл жолы сөзінде тұрды. Қалай десек те көлік қатынасының қайта орнағанына қарапайым халық қуанышты. Ал төселген асфальт пен жолдың сапасы – бөлек әңгіме.

Айта өтейік, дәл осы көшемен жүретін бірқатар қоғамдық көліктің бағыты 1 шілдеден бастап уақытша өзгерген болатын. Қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мамандары бүгін барлық бағыттағы автобустар кестеге сай жүріп жатқанын хабарлады.

Ардақ Жақсылықова