Теріскейде «Алтын күз аруы – 2017» байқауы өтті

5053

Созақ ауданындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Алтын күз аруы – 2017» аудандық арулар байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – арулардың бойындағы мәдениеттілікті, рухани адамгершілікті, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, жастар арасында ана тіліміздің дамуы мен жандануына үлес қосу, талантты жастарға қолдау көрсету, арулардың қазақ қызына тән ибалылық, нәзіктік, инабаттылық қасиеттерін, қолөнерге бейімділігін байқау болып табылады.

Байқауға әр ауылдық округтерден 22 үміткер қатысып, байқаудың шарттарына сай өз өнерлерін ортаға салды. Ең алдымен өзін өзі таныстыру бойынша арулар бойындағы бар өнерлерін паш етті. Қолөнер сайысында яғни, «Экебана» өз қолымен сахнада гүл дестелерінен, жапырақтардан, түрлі дәнді дақылдардан өнер туындысын жасап көрсетті. Қырыққабат, алма, қауыннан жасалған түрлі кейіптегі туындылар расында көздің жауын алардай.

Өз өнерлерін паш еткен бойжеткендер әуелете ән салып, дөңгелене би билеп, сахналық қойылым көрсетіп көпшілікті тәнті етті. Ал сән үлгісін көрсету барысында жапырақтан, гүлдерден жасалған өзіндік киім үлгісі жиналғандарды таң тамаша етті. Кіл жүйріктер қатысқан байқау аса тартысты өтті.

Байқау қортыныдысы бойынша бас жүлдені құмкенттік ару Нұрмахан Жібек, 1-орынды Жорабек Ақерке, 2-орынды Шабатәлі Жұбаныш, 3-орындарды Акен Алина Ерболқызы мен Әліп Дариға иеленді. Сонымен қатар өзге де қатысушы үміткер аруларымызға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары дайындалып, дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.