Теріскейде «Батагөй қариялар» байқауы өтті

614

Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Батагөй қариялар» атты аудандық байқау өтті. Аталған байқауға ауылдық округтер мен кенттерден қариялар қатысып, өз ауылдарының намысын қорғады. Байқау ережесіне сай, әрбір батагөй қария, өзін таныстырып, бата беріп,  өз өнерлерін көрсетті. 

Мұндай байқаулардың берері көп, әрине. «Бүгінде бата беретін қария жоқ» деген пікір жиі айтылатыны рас. Тілек айту мен бата беруді шатастыратындар да бар. Аталған байқау осы олқылықтың орны толтыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Әрі қатысуға ниет білдіргендердің қатары да көп болды.

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат та сол: қол жайып бата сұрағанға бақ тілейтін мәні мен маңызы зор, сөзі үміт сыйлайтын бата беру дәстүрін қайта жаңғырту болып табылады. Қазақтың қара сөзінен қаймақ айыратын данагөй қариялардың қатары мол екендігін көріп, бабадан балаға жалғасып келе жатқан қазақы дәстүрдің тіні үзілмейтіндігін байқап көңіл демделгендей. Алдағы уақытта аталған байқау дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

Бата беру байқауында әділқазылар алқасының шешімі бойынша 1 орынды шолаққорғандық қария Бегілер Қойлыбайұлы, екінші орынды Қыземшек кентінен келген Сатыбалды Қошқарбаев, үшінші орынды жартытөбелік Төлеген Аққұлиев иеленді. Сондай-ақ, бата қайырған таукенттік Орынбасар Оңалбаев, созақтық Лена  Боранбаева, қаратаулық Бектемір Арыстанбаев, бабаталық Тұрғанбек Керімбеков  арнайы ынталандыру сыйлықтары және  алғыс хаттармен марапатталды.