Шымкент қаласын дамыту жобасы талқыланды

686
Шымкент қаласын дамыту жобасы талқыланды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын әзірлеу мәселесі бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға  Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының басшылары, сәулет және қала құрылысы,  облыстық басқарма басшылары қатысты.

Шымкент қаласын дамыту жобасы талқыланды

Жиында сөз алған республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық сызбасы әзірленгенін жеткізді.

— Әзірленген жобаға сәйкес Шымкент агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарды құрайды. Оның аумағында 1,8 млн тұрғыны  бар 367 елдімекен орналасқан. Бұдан бөлек 5 мыңнан астам тұрғыны бар 35 елдімекеннің бас жоспары жасақталып отыр, — деді Тұрлыбек Түрікпенұлы.

Шымкент қаласын дамыту жобасы талқыланды

Жаңа әзірленген жобаға сәйкес  2020 жылға қарай Шымкент агломерациясына жататын аумақта халық саны 185 093 адамға немесе 10,3 пайызға артып, ұзын-саны 1 миллион 986 мың 087 адамды құрайды деген болжам жасалып отыр. Ал  2030 жылға қаладағы халық саны  534 779 адамға көбейіп, 2 млн 335 мың 773 адамды құрайды деп болжануда.

Әзірленген жобаға қаныққан өңір басшысы тиісті сала басшыларына өзгерістер мен ұсыныстарды тағы да егжей-тегжей пысықтап шығуға тапсырма берді.

Шымкент қаласын дамыту жобасы талқыланды

— Шымкент қаласының агломерациясы осыған дейін бірнеше рет кең көлемде талқыланған болатын. Осы мақсатта облысымыздағы тиісті басқармалар тыңғылықты жұмыс жүргізіп, өзгерістер мен ұсыныстарды енгізіп шықты. Енді бұл жобамызды алдағы желтоқсан айында үкіметтің отырысына бекітуге ұсынатын боламыз. Сондықтан әттеген-ай дейтіндей мәселелер болмауы тиіс, — деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын инвестициялар және даму министрлігіне қарасты құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық істері комитеті әзірлеген болатын. Аталған жобаға сәйкес контрмагниттер ретінде аудандардың да әкімшілік орталықтары анықталған.  Олар Оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында Тұрар Рысқұлов елдімекені болып белгіленді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев