Соғыста тұтқында болған ардагерлерге өтемақы берілді

267
Соғыста тұтқында болған ардагерлерге өтемақы берілді

Оңтүстіктен II дүниежүзілік соғысқа 140 мыңға жуық жауынгер аттанған. Солардың арасында фашизмнің тұтқынына түсіп, азап шеккен боздақтар да бар. Қазақстанда әскери тұтқында болған солдаттар іздестіре келе былтырдан бері Оңтүстіктен 16 соғыс ардагері анықталды. Олардың 12-сі Германия Федеративті Республикасының үкіметінен 2500 евро өтемақы алды. Бұл өтемақы биыл 30 қыркүйекте толық беріліп аяқталды.

Соғыста тұтқында болған ардагерлерге өтемақы берілді

ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысып, жау қолына түскен 16 жерлесіміздің он екісінің көзі тірі. Солардың бірі – жасы 90-нан асқан Қаражан Естемесов. 1941 жылы 14 шілдеде Қайнарбұлақ ауылынан Украинаға аттанған Қаражан қарияның көкейінде әлі күнге дейін сұм соғыстың оқиғалары сайрап тұр. Соғыс алаңында атқыштар, зеңбірекшілердің көмекшісі болған ол 1948 жылы аман-есен елге оралды. «Жан-тәнімде өшпес жара қалдырған осындай топанды ұрпақтарымыз көрмесін» деп тілейді ардегер.

Соғыста тұтқында болған ардагерлерге өтемақы берілді

II дүниежүзілік соғыста әскери тұтқында болғандарды іздестіру оңайға соқпаған. Десе де Шымкент өңірлік мемлекеттік архивінің мамандары сәтті жұмыс істеп шықты. Олар хабарсыз кеткен ардагерлеріміздің есімін анықтау үшін жақында Германияда болып қайтыпты. Сондағы іздестіру ұйымдарынан алған тізім арқылы мұндағы кісілерді тапқан. Мамандардың осынау игі іске қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат басқармасы мен қаржылай көмек білдірген «Серпіліс» қоғамдық қорына айтар алғыстары шексіз.

Соғыста тұтқында болған ардагерлерге өтемақы берілді

Арнайы жиында «Тамұқтан тірі қайтқандар» атты кітаптың да тұсауы кесілді. Жинақта 16 ардагердің өмір тарихы мен соғыс майданында көрсеткен ерліктері жайлы баяндалады. Мұндай кітап шығарудағы мақсат – қиындыққа мойымаған батыр аталарымыздың ерлігін жастарға үлгі ету. Айта кетейік, соғыс ардагерлерін іздестіру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Архив қызметкерлері келесі жылы Мәскеуге баруды жоспарлап отыр.

Жанерке Хұмар